"Қазақ қазақпен  қазақша сөйлессін". Н.Ә.Назарбаев

Спонсор рубрики "Городская среда". Апрель 2014 года

 

Қалалық ортадағы қазақ тілі

Автор 

Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс жөніндегі комитеті, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты, «Мэлс Ержанов» жеке қоры және Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты 2015 жылғы 18 наурыз күні «Қалалық ортадағы қазақ тілі» атты дөңгелек үстелді өткізді.

Құрметті ханымдар мен мырзалар!

Мен, ең әуелі, өзімнің әріптестеріме, ғылыми институттарға, тілдер Комитетіне және осы тақырыпқа қызығушылық танытқан, бүгінгі Дөңгелек үстелдің өтуіне септігін тигізгендердің баршасына алғыс айтқым келеді. Қаншама жылдар бойы қордаланып, кезегін күткен көкейтесті мәселенің шешілуіне дәл бүгін үлкен серпін беріледі деген үміттемін. Ол – айнала қоршаған кеңістіктегі сауаттылық мәселесі. Осы мәселе аясында қалаішілік кеңістік пен сол кеңістіктегі көзге көрнекі ақпараттың берілу сыңайы да, мемлекеттік тілде хабар тарататын электронды Бұқаралық Ақпарат Құралдарынының сауаттылығы да сөз болмақ. Біздің ортақ міндетіміз – айналамыздағы кеңістікті мемлекеттік тілді дұрыс қолданудың үлгісіне айналдыруға септігімізді тигізу.

Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы: Қала ішіндегі қазақ тілі.

Біз бүгін мемлекеттік тілдің екі сала аясындағы қолданылу сипатын тілге тиек етеміз:

1.Көрнекі ақпарат құралдарындағы (негізінен, сыртқы жарнамадағы) мемлекеттік тіл;

2.Электронды Бұқаралық Ақпарат Құралдарындағы мемлекеттік тіл (жарнамалық роликтерде және, одан да кең ауқымда - телевизия және радио іс-қызметінде қолданылуы). Диктордың дауысы қоса берілетін теледидар мен радиоға жүктелетін маңызды міндеттердің бірі қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтау мәселесі болып табылады. Бұл – айрықша назар аударуды талап ететін өзінше жеке мәселе. Өйткені, өкінішті, қазіргі кезде қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын бұзу, бұрмалау жайттары да байқалады. 

Менің кіріспе баяндамамның негізгі тақырыбы мемлекеттік тілдің қалаішілік көрнекі ақпарат өрісінде қолданылу мәселесіне арналады. 

Осы орайда мен қазіргі жағдайға кінәлілерді іздеуге емес, қайта, сөз болып отырған саладағы кемшіліктерді жоюдың тиімді шараларын қарастыруға басты көңіл бөлуге шақырғым келеді. 

Баяндаманың негізгі мақсаты – мәселені шешу жолдарын іздестіру.

2013-ші жылғы сәуір айынан бастап Киелі Жетісу сайты бүкіл қала бойынша көрнекі ақпараттың берілу сипатын мұқият қадағалап, саралау-талдау жұмыстарын жүргізді. Енді мен сіздерді сол жұмыстардың негізгі нәтижелерімен таныстырмақпын. 

Мемлекеттік тілдегі мәтіндердің сапасын қанағаттанарлық деуге болмайды; және оның бірнеше себебі анықталды. Олардың ішіндегі ең бастысы қазақ тілінің лингвистикалық нормаларының бұзылуына байланысты. Бұл - тілдік интерференцияның әсерінен болатын құбылыс, соның кесірінен небір қилы лингвистикалық калькалар туындайды (бұл – аударма іс-тәжірибесіндегі ең оңай және, сонымен бірге, ең қате тәсіл).

Өз кезегінде, лингвистикалық интерференцияның нәтижесі тілді «креолизация»-ға ұшырату, яғни, бөгде сөздерді араластыру арқылы тілді шұбарлаудан, үстем тілдің грамматикалық нормаларын пайдаланудан, қазақ тілін қарабайырландырудан, дүбәра тіл тудырудан көрініп отыр.

Осы айтқанымызды айғақтайтын бірнеше нақты мысал келтірейін. Тілді қарабайырландыру, жеңілдету, мәселен, ыңғайластық жалғаулықтардың кей түрлерінің қолданыстан шығып қалуынан көрінеді. Қазір барлық жерде «ЖӘНЕ» жалғаулығы ғана қолданылады.

«БА», «БЕ», «МА», «МЕ», «ПА», «ПЕ» сұраулық шылаулары мүлде түсіп қалатын жағдайлар кездеседі.

Қазіргі аударма тәжірибесінде тура, сөзбе-сөз жасалған лингвистикалық  калькалар жетіп артылады - қателердің басым көпшілігін солар құрайды. Қандай да бір сөздерді қолданудың орынды-орынсыздығын, оларды қолдану контексін түсінбеушілік жағдайлары жиі орын алады. 

Бүгінде араларын бір-екі квартал ғана бөліп тұрған қала орталығындағы бірер жарнама тақталарына көз салайық:

1. ҚАДАМ сөзі, әдетте, жағымды мәнде қолданылады, ізгі ниетті білдіреді.

DSC09739

2. ЖАЛҒЫЗ сөзі, керісінше, жағымсыз реңкке ие, бірегей, даралықтан гөрі, ешкімге керексіз, шет, жаттық мағынасын үстейді.

DSC09743

3. Көктем туралы мына жердегідей емес, әлдеқайда тартымды, көркем мәнерде айтуға болар еді.

DSC09737

4. Меніңше, мына мәтінде не жазылғанын, не жайлы айтылғанын ұғу үшін оны бірнеше қайыра оқу керек.

DSC09741

5. Мынау - жол белгідегі қате жазудың бір мысалы.

DSC09740 

Осылайша, – орфографиялық, грамматикалық, стилистикалық тұрғыдағы - алуан түрлі қателер кездеседі. Осының салдарынан қалада орыс тілінен тікелей аударылған мәнсіз-мағынасыз калька емес, қазақ тілінде жазылғандай жатық, жылы қабылданар бірде-бір жарнамалық слоганды кезіктірмейсің. 

Мұндай аудармашылықтың мемлекеттік тілдің дамуы мен қызметіне тигізер залалы айқын

Біріншіден, ол тілді шұбарлау тенденцияларын күшейтеді, дүбәра тілді қолдануға дағдыландырады. Бұл ретте ғылымда тілге кері әсерін тигізетін «креолизация» термині қолданылады.

Екіншіден, бұндай сөзбе-сөз аудармалар жарнама мәтінінің ішкі мәніне сай келмейді, жарнамалық бизнес міндеттерінің өзіне кереғар шығып жатады. Дұрыс емес, бұрыс жазылған жарнама мәтіні әлеуетті тұтынушының санасында жағымсыз ойлар тудырып, оны тауардан бездіреді. Сайып келгенде, оған төленген ақша ысырап болып шығады. 

Неліктен бізде осындай жөнсіз-жосықсыз жағдай қалыптасты, оның себептері қандай?

Бұл ретте мен жағдаяттық және жалпы себептерді бөліп қарастырар едім.

Жағдаяттық себептерге мыналар жатады:

1. Жарнама агенттіктерінің жұмысындағы жарнамалық копирайттарды аудару принципі.

Менің білуімде, қазақ тіліне аудару ең соңғы кезекте жүзеге асырылады. Оның үстіне, төленетін ақының мардымсыздығы сонша, айтудың өзі ұят. Шынтуайтында, қазақ және орыс тілдеріндегі мәтін нұсқаларын пайымдауда алшақтық туындамасы үшін, аудармашы-копирайтер жобаға басынан бастап қатысуы тиіс. Аудармашы-копирайтердің жұмысы арнайы кәсіби құзіреттілікті талап етеді, бұл – өте жауапты шығармашылық жұмыс. 

Бүкіл әлемдегі жарнамалық бизнесте жарнаманы жергілікті бейімдеу (локализация рекламы) қағидасы қабылданған. Бұл ереже бізде ғана сақталмайтын тәрізді. 

2. Сыртқы жарнаманың сапасын қадағалау міндеті жүктелген бақылау органдары тарапынан қатаң бақылаудың жеткіліксіздігі. 

Жалпы себептерге бүгінгі таңда қазақ тілі бастан кешіріп отырған жалпы лингвистикалық ахуал жатады. Біз қазақ тілінің ХХ ғасырдың 60-шы – 70-ші жылдары «тіл алмастыру», «басқа тілге көшу» (языковой сдвиг) сияқты қасіретке душар болғанын естен шығармауымыз керек. Этникалық қазақтардың бір бөлігі өзге тілде сөйлей бастады. Анығына келгенде, қалада орыс тіліне басымдық берілді. Осының бәрі, қалай дегенмен, қазақ тілінің дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. Сол себепті, өкінішті, қазақ тіліндегі мәтіндер небәрі қағаз жүзіндегі қажеттілік ретінде ғана қабылданатын жағдайлар өте жиі кездеседі.

Бұған қоса, қазақ тілі нормаларының «құнсыздануы» жағдайында көптеген аудармашылар қазақша дұрыс сөйлеу, дұрыс айту ұғымынан айырылып барады. Басқа тілге көшу, лингвистикалық интерференциялардың кең етек алуы жағдайында осы теріс, бұрыс, бұрмаланған грамматикалық формалар норма ретінде қабылдана бастады.
Жағдайды қалпына келтіру үшін, қалалық орта шын мәнінде мемлекеттік тілді пайдаланудың, қолданудың үлгісіне айналуы үшін не істемек керек? 

1.Көрнекі ақпарат және электронды Бұқаралық Ақпарат Құралдары өрісіндегі қазақ тілінің сапасы төмендеп кеткендігіне байланысты күрделі мәселе туындап отырғанын, сондай-ақ, оны кешенді тұрғыдан шешу қажеттігін мойындау. 

2. Үнемі қазақ тілінің нормаларына жүгіну; сауатты жазудың үлгісін көрсету. Сол білімді барынша насихаттау, тарату.

3. Мемлекеттік тіл нораларының сақталуын бақылауды күшейту.

4. Мәселенің тиімді шешілуіне септігін тигізетін іс жүзіндегі шаралар жүйесін ойластыру.

Осыған орай іс жүзінде қолданарлық қандай шараларды ұсынуға болады?

Қолданылатын шаралар: 

1.Қазіргі кезеңдегі тілдік ахуалды зерттеп-білу үшін арнайы жұмыс тобын құру қажет. Ол топ қалаішілік көрнекі ақпарат және Электронды Бұқаралық Ақпарат Құралдарын бақылау, саралау, талдау; аудармашылар мен редакторлардың біліктілігін арттыру семинарларын өткізу, тақырыптық сөздіктер шығару; калькалар сөздіктерін шығару; лингвистикалық интерференция мәселелерін зерттеу, тағы басқа да міндеттерді атқаруы тиіс. Бұндай жұмыс тобын Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының негізінде құруға болады. 

2. Бұл жұмыс тобы қала әкімдігінің бақылау органдарымен белсенді түрде ынтымақтасып жұмыс істей алады (өз басым Әкімдік жанындағы бақылау қызметтері қалуы тиіс деп санаймын).

3.Бұл жұмыс тобы жарнама агенттіктеріне жарнаманы жергілікті бейімдеу принципін сақтауды ұсынуы тиіс. 

4. Тілдік орта ахуалын жақсарту мақсатында «Кобланды» - наизусть» сияқты жобаларға қолдау көрсету қажет. Бұл жоба заманауи лингвистикалық интерференциялардың кері әсері тимеген таза қазақ тілін меңгеруге мүмкіндік береді; тіл тазалығы - тілді бүкіл болмысыңмен сезінудің кепілі. Аталмыш тренингтің бірнеше дәрісінен кейін-ақ қатысушылар сөйлеу тіліндегі калькаларды оп-оңай ажырата алатын дәрежеге жеткеніне өзім куәмін. Егер де мемлекет оны жалпыұлттық жоба ретінде қолдар болса, біз қысқа мерзім ішінде-ақ Қазақстан халқының мемлекеттік тілді білуі мәселесін шеше алар едік. 

5.Ең соңында, сауатты тілдік кеңістікті қалпына келтіру және таяу келешекте туған тілге қайта көшу мәселесін шешуде айналып өтуге еш болмайтын тағы бір шарт бар. Сөз туған тілге деген сүйіспеншілік пен құрмет турасында болып отыр. Аудармашылар, редакторлар, тілдік өріспен байланысты барша мамандар Қазақстанның мемлекеттік тілінің болашағы өз жұмысының сапасына тікелей байланысты екенін саналы түрде ұғынуы аса маңызды.

Городская среда

Новые публикации на сайте

Сайт Зиры Наурзбаевой Отукен

Институт языкознания

Статистика посещений

1871893
Сегодня
Вся статистика
1075
1871893

Счетчик joomla
| Joomla