"Қазақ қазақпен  қазақша сөйлессін". Н.Ә.Назарбаев

 

Аудармамен сөйлейтін ауыздар

Мырзан Кенжебай

«Қалай, братан, нормально ма?» деп үш сөздің екеуін орысшалап айтатын қазақпыз ғой, тақырыпты «слишком категорично» қойыпты деп тағы да орысшаласаңыз өзіңіз біліңіз. Бірақ бүгінгі Қазақстандағы азын-аулақ қазақшасы бар телеарналар қазақ тілін орысшаның тіп-тіке аудармасына айналдырып, әбден берекесін кетіргені рас. Қазақ телеарналарындағы қазіргі қазақ тілі өзінің Құдай берген бүкіл райы мен шырайынан, қаһарланса қара тасты қақ айырған өткірлігінен, жадыраса жаныңды бақыттың балмағаз буына балқытатын әсем әуезінен жұрдай болды.Тіпті, оның осы күйінің өзін теледидардың қасаң, ресми стиліне тән нәрсе ғой дей салуға да болар еді. Мәселе, одан гөрі қауіптірек екендігінде болып тұр. Сірә, қазақ тіліне сонау орыс патшалары, одан соң кеңестік Кремль басқарған кездерде де дәл бүгінгідей қауіптің қара бұлты төне қоймаған шығар. 

Қазір телеарналардан берілетін хабар-ошар, «жаңалықтар» кезінде және кім көрінген «жүргізуші» болып «жүргізіп» жатқан шоу, әзіл-сықақтарда қазақ тілі, қазақ сөзі орысшаның ксерокөшірмесіне айналды. Соларды көріп отырып, Құдай кешірсін, мына қазақ орыстың тәрбиесінде өсіп келе жатқан бір баласы емес пе деп қаласың.

Иә, мәселе қазақ тілі өзінің бүкіл бет-әлпетінен, өзінің сөйлеу мәнерінен айрылып, орысшаның тікелей аудармасына айналып баратқанында болып тұр. Қазақ тіліне бұрын-соңды мұндай қатер төнген емес деуіміз де содан. Ал өз тілі өзге бір тілдің немесе орысшаның аудармасына айналған ұлт оп-оңай өз-өзінен жойылып кетеді. Қазір қазақтар бір-бірімен сөйлесе бастағаннан-ақ сөзді «короче», «нормально», «вообщем», «солай, братан» деп сайрайды. Өткенді қозғамай-ақ қоя тұралық, дәл бүгінгі Қазақстанда қазақтың әлгіндей шүлдірлеп, орысша сөйлеуді әлі күнге шейін әлдебір артықшылығым деп ойлауына екі-ақ түрлі себеп бар. Оның біріншісі: Жоғарыда отырған биліктегілердің түгелге жуық орыстілді екендігі. Олар ел қазақшаға көшіп кетсе, өздерінің жұмыссыз қалатынын, «авторитеттерінен» айрылатынын, орысша тәрбиеленіп, орысша тілі шыққан бүгінгі балаларына қиын болатынын жақсы біледі. Сондықтан да біздегі бүкіл заң-зәкүн атаулы орысша жазылады да, ол қазақшаға сол күйінде тәржімаланады. Оны түсіну, миға тоқу мүмкін емес. Соның ең үлкен газетіміздің көрпедей-көрпедей бетіне қазақша аударып берген мәтінін оқып отырып, күлеріңді де, жыларыңды да білмейсің.

Қазақ тілінің орысшаның көшірмесіне айналып, мұндай аянышты күйге түсуіне ең басты күнәһар, егер сот тілімен айтсақ жауапкер қазақ телеарналары. Қазақ телеарналары ең алдымен қазақтың ұлттық жан-дүниесіне, ұрпағының ұлттық ерекшелігінің сақталуына адам айтса нанғысыз, өлшеусіз кесірін, қырсығын тигізіп отыр. Оның бәрін дәлелдеп жатпай-ақ мына бір ғана мысалды келтірсек жетіп жатыр. Яғни, Қазақстан телеарналары Батыстан әкелінген адам шошырлық жын-жыпырды, қантөгіс, адамды азаптап өлтірудің, салдақылықтың, хайуани жыныстық қатынастың неше алуан түрі туралы азғыни көрсетілімдер арқылы жарық дүнияға көзін жаңа ашқан қазақ сәбилерін сезімсіз бір мақұлыққа айналдыруға жұмыс істеп жатқан сияқты көрінеді де тұрады. Қазақстандағы жүзге тарта телеарналар қазаққа қазақ тілін, дінін ұмыттырып, кім екені беймәлім бір ұлтқа айналдырудың басты құралы деуге толық негіз бар. Ресей телеарналарына соншама еркіндік пен эфирлік кеңістігін беріп қойған Қазақстанның енді оларға тоқтау салуға күші жете қояр ма екен? Бұл өз алдына үлкен бір әңгіме. Ал, телеарналардың қазақ тілін өзінің бет-бейнесінен айырып, бар болғаны орысшаның аудармасына айналдырып жібергені туралы айтылып та, жазылып та келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. Әттең, не ақпарат министрлігі, не сол телеарналардың басшылары тарапынан шара қолданылмақ түгіл, бірде-бір жауап айтылған емес. Сонау бір жылдары белгілі журналист Қайнар Олжай ғана «Хабар» арнасында Бас редактор қызметінде жүргенде тіл біледі-ау деген журналистерді стильдік редактор деген қосымша қызметке шақырып, апта бойы телехабарлардағы тіл орашолақтығын, қателіктерін жазып әкелген соларды әр дүйсенбіде 20-30 минут өзі тыңдап, журналистерге ескертулер жасайтын еді. Қазір бүкіл Қазақстан телеарналары бойынша қазақ тіліне деген мұндай жанашырлықтың ұшығы да жоқ. Не жоғарыдағылардың, не телеарна басшыларының осындай керенаулығының кесірінен қазақтың қайран тілі орысшаның тақ-тұқ аудармасына көшті. Көп созбай-ақ, мынаны қараңыз:

«Экспортқа шығару 500 миллион теңгені құрады («Қазақстан» 17.11.2012).
2 метрді құрайтын шырша («Хабар» 24.11.2012 ж.).
Қарыз 132 млрд. долларды құрады («31» канал, 25.10.2012 ж.).
Оның зейнетақысы 40 теңгені құрайды.
Метроның жолақысы 80 теңгені құрайды.
Биіктігі 2000 метрден астамды құрайтын шыңды бағындырды.
Дүкеннен түсетін бір айлық табыс үш жарым миллион теңгені құрайды». 

Бұл не, өзі көріп тұрған затты, болып жатқан жағдаятты жеткізіп айтып беруге журналистің миының, ойлау қабілетінің жеткіліксіздігі ме? Әлде орыс не істесе соны істеп, орыс қалай сөйлесе, солай сөйлеуге дағдыланып кеткен құлмінездің кесірі ме? Бұл жағы бізге беймағлұм. Әйтпесе, осы келтірілген 5-6 ауыз сөздің ішіндегі «құрады» деген сөздің қаншалықты қажеті бар. Құлмінез дейтін себебіміз, бұл жерде орыстың «составил», «составляет» деген сөзін алып тастап-ақ айта беруге журналистің «әлде қайтіп кетермін» деген әлде сауатсыздығы, әлде құлмінезі оны екі жақтан қыспаққа алып тұр. Әйтпесе, бұл сөздердің біріншісін қазекең «экспортқа 500 миллион теңгенің заты шығарылды», екіншісін «екі метрлік шырша», үшіншісін «132 млрд. доллар қарыз болды», төртіншісін «оның зейнетақысы 40 теңге, бесіншісін «Метроның жолақысы 80 теңге», алтыншысын «Биіктігі 2000 метрден астам шыңға шықты» («бағындырды» емес) деп тап-тұйнақтай, нақпа-нақ айтып шығады ғой. Ал «Дүкеннен айына үш жарым миллион теңге табыс түседі» десе «неге «составляетты аудармадың?» деп бір орыс «31» арнаны сотқа берер ме еді? Қазақша сөз саптау кезінде қара бақырға қажеті жоқ «составляет», «покорил», «ожидается» дегендерді орысшадан «құрады», «құрайды», «бағындырды», «деп күтілуде» деп аударып отырудың түкке қажеті жоқ. Міне, осы «құрады», «құрайды», «бағындырды», «бағындырады», «деп күтілуде» тілімізді әбден ала-шұбар, топалаң тигендей қып бүлдіріп жіберді. Осы сөзді үп-үлкен, дап-дардай адамдар да қолданып сөйлейтін болды. Себебі, телеэкранда көрсетілген, айтылған нәрселер адам миына, әсіресе не сөйлеп, не қойғанына мән бермейтін мәңгүрттеу, құлмінездеу адамдардың миына тұп-тура әсер етеді және сіңіп қалады. Тағы бір байқағанымыз, «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген мақалды шығарған қазақ өзі жаман нәрсені тез қабылдайды екен. Соның бір мысалы, «жанұя» деген сөз. Қазір қазақтар «отбасы», «үй-іші», «шаңырақ», «шаңырақ астында» деген қасиетті, киелі сөздердің орнына «жанұяны» «мода» қып алды. Бұрын «нормально ма», «қалай, братан», «сестренкам», «бабушкам», «братым», «племяннигім» деп патырлайтын тек жастар ғана сияқты еді, қазір үп-үлкен қазақтар бір-біріне солай сөйлейтін болды. Ал мына сөздерді әкесі де, шешесі де қазақ, оның үстіне қазақ журналистика факультетін бітірген қазақ сөйлеп тұр деуге қалай аузыңыз барады:

«Ана мен бала өлімі орын алды»;
«Үйлерді қайта қалпына келтіру бағдарламасынан зардап шеккен тұрғындардың назы қызып»;
«Артынан анықтағанымыздай, көк желекті құртуға берілген құжаттың ешкімге берілмегенін айтты»;
«Жиналған адам саны аз»
«Белгісіз жағдайда қайтыс болған азамат 24 жастағы Бақтыбай ауылының тұрғыны екен» («31 канал»-дың бас-аяғы бірнеше минутта айтқан қазақшасының түрі осы. 25.10.2012.);
Акцияның жалғасын тауып жатқанын естеріңізге саламын» («31 канал», 31.10.2012.);
Құстар қиыншылықтарға қарамастан өз балапандарын шығаруда («Хабар», 24.11.2012.).

О заманда бұ заман «31 каналдағылардан» басқа біреудің «өлім орын алды» дегенін естігеніңіз бар ма? Бұл кәдімгі орыс тілімен айтқанда «имело место», ал «артынан анықтағанымыздай» деп отырғаны «как выяснилось позже» деген орыстан туған қазақ баланың сөзі емес пе? Қазір осы тақілеттес «белгілі болғанындай» «кейін (немесе «бұрын») айтылғанындай», «көрсетіп отырғанындай» сияқты орысша «как стало известно», «как было сказаноларды» аудармалап сөйлеу кең етек алып кетті. Бұған де ең алдымен осылай сөйлеуді қалың қазақтың құлағына сіңіріп жүрген телеарна журналистері кінәлі. Олар соның бәрін көп «бас ауыртпай», орысшадан тәржімалап алады да, біреуі сампылдап, балпылдап, біреуі шыр-шыр етіп, енді біреулері жау қуып келатқандай аптығып эфирден қайталап шығады. Ал бұның өзі халықтың, әсіресе жас ұрпақтың миына тікелей әсер етеді, орысшалап айтсақ, телеэк¬раннан алынатын бұл «зрительное восприятие», яғни көзбен көріп қабылдау адам миына тікелей ұрады да, өте тез сіңіріледі. Тағы да айтамыз, қазақ ұлтын жер бетінен жойып жіберуге осылайша оның тілін өзге ұлттың аудармасына айналдырудың өзі-ақ жетеді. Ол ғылымда дәлелденген, англиялық (Уэльс аймағынан) Дэвид Кристалл да мұны дәлелдеп, бір ұлтты жоқ қылып жіберу үшін сол ұлтқа, сол мемлекетке қос тілділікті енгізсе жетіп жатыр деген. Ал ғұлама шайыр Әбубәкір Кердері «Тілі екеудің – діні екеу» депті.

Иә, қазір қазақтың киген киіміне, үйінде әйелдері пісіріп жатқан ас-суына қарап тұрып та, бес сөзінің үш-төртеуін орысшалап сөйлеген сөзіне қарап тұрып та ертеңіміз не болар екен деген үрейден тұлабойың мұздап сала береді. Әсіресе, көліктердегі үнтаспаға екі тілде жазылған сөздерді тыңдап тұрғанда бұл үрей тіпті үдей түседі. Мысалы, троллейбуста «билетіңізді жүрудің соңына дейін сақтаңыз», «жолақысы 80 теңгені құрайды», «шығу алдыңғы есік арқылы жүргізіледі» дегендерді естігенде жүрегің аузыңа тығылады. Неткен намыссыз, неткен санасыз, ойсыз ұлтқа айналып барамыз деп айқайлағың келеді. 

Қазір Қазақстанда тілдерді дамыту деген сөз тіркесі пайда болды, сондай мекеме де бар. Әуелгі шақта бұл қандай дамыту, қалай дамытады деп деп басымыз қатып жүрсек, айналып-үйіріліп келгенде оның өзі тілді орысшадан аударып пайдалануға келіп тіреледі екен. Мысалы «31 канал» телеарнасының журналисі «Сот тыңдалымы өтті» деді бір сөзінде (5 қараша, 2012 ж). Бұл кәдімгі «состоялось слушание» деген орысшаның аузынан айнымай түскен туған баласы сияқты. Сол күнгі «Борышкерлері тонған Семей» деген де «мерзнущие должникидің» әлгіндей некесіз туған баласының бір түрі. Ол аз болғандай бұл журналист «тоңған» демей «тонған» деді. Өйткені қазір қазақтар арасында «ң» дыбысына тілі келіп тұрса да, оны «н» қып айту «модаға», кейбір ессіздердің тілімен айтқанда «хитовый» сөзге айналып барады. «Ң»ды «Н» қып айту әсіресе, Орталық, Солтүстік Қазақстан аймақтарында бұрын жиі кездесетін еді, енді бұл кесел бүкіл қазақты жайлап кетті. Сол тілдерді дамыту деген идеяның кесірінен жаңағы «тыңдалым» сияқты «естілім», «бұзылым» дегендер шықты. «Слышимость», «неисправность» секілділерден туған осы балақай сөздер күннен-күнге тіліміздің сұрқын бұзып, ластап барады. «Ол әлі де талай биіктерді бағындырады», «жалғасын табады», «ой бөлісті», «апатты», «қызығушылық танытты» дегендер де қазақ тілінің берекесін кетіріп болды. Мысалы, «Екі үй де апатты деп танылды» («Астана», 5.11.2012). Бұл «оба здания (дома) признаны аварийнымидың» сол күйінде алынып, қазақ сөзін алапес күйге түсірудің бір жолы. Соны «екі үй де құлағалы тұр», «құлауы мүмкін», «тұруға қауіпті» деу үшін де «Астана» телеарнасының журналисіне соншалықты ақыл-ес керек болғаны ма?

Біз телеарнадағылар айтылған сын-ескертпелерге жауап береді деп ойламаймыз да. Және бұның бәрі қазақ халқының тіліне, ұлттық ерекшелігіне не біле тұра, не сауатсыздықпен жасалып жатқан қастандық деп ойлауға хақымыз бар. Сондықтан бұл оспадарсыздықты (келеңсіздік деген басқа нәрсе!) тіл білімі институттары, тілдерді дамыту басқармалары, ақпарат министрлігі мен өзге де «аға газет», «іні газеттер» бірлесіп жоюы, тілімізді өзінің саф күйінде сақтап қалудың шараларын тездетіп қолға алуы керек. 

Кейде қазақ телеарналарына кітап оқымаған, көркем әдебиеттен мүлде махрұм жастар бара ма деген де ойға кетесің. Әйтпесе, осылардың «қайда бармасаң да, алдыңнан жүзі жарқын адамдарды көресің», «қайда болмасын, сөйтеді», «қайда тұрмасаң да, сол туған жеріңдей...» деп «где-бы ни был», «куда бы не ходил», «где-бы не жил» деген орысшаның аудармасына айналдырып, теріс қаратып сөйлеуін надандық, сауатсыздық дейміз бе, әлде тілге жасалып отырған қастандық дейміз бе? Ау, қазекең мұны «қайда жүрсең аман жүр», «қайда тұрсаң да ұяң құтқа толсын», «қайда барсаң да аман қайт» дейтін еді ғой. Ал, «бел шешіп кірісті» деген ше? Ау, қазақ «бел байлап кірісті», «белін буып кірісті» дей келіп, шаршағанда ғана «бел шешіп» немесе «бел босатып тынығайықшы» дейтін еді ғой. Осының бәрі күн сайын теледидардан құлағына құйылып жатқан қайран қазекең қазір түгел осылай сөйлеуге көшіп барады. Ұлттың өзін-өзі жоқ қылуы дегеніміз осы, ағайын! Телеарналардағы тағы бір сауатсыздыққа қараңыз, олар қазір «индустриалды Қазақстан», «индустриалды-инновациялық даму», «американдық», «италияндық» дегеннің өзі зор қате екенін білмейді. Оның дұрысы «индустриялы Қазақстан», «индустриялық-инновациялық даму». Мұндағы олардың индустриядан соңғы «ал» дегенінің өзі қазақша «лық» деген жалғау. Ендеше, олар бұл жерде «индустриялылық» деп тұрғанын өздері де байқауға қабілетсіз болып тұр. «Американдық» дегенде «ал» жұрнағы да «итальяндық» дегендегі «ян» да қазақша «лық». Демек, журналист бұл жерде «америкалықлық», «италиялықлық» деп лықылдап тұр. «Экономиканы дамытуға назарымыз түсті» деген жаңа қазақшаны да ұлттық деп аталатын «Қазақстан» арнасынан естідік (28.10.2012).

«Қазақстан» телеарнасында «ол көп нәрсеге үйренді» және «Германның автоматтандырылған машинасынан» дегенді естіп қалдық (17 қараша, 2012). Бұлар да орыстың «многому научился»-сы мен «Германская автоматизированнаясының» аузынан түскендей айнымай туған балалары сияқты. Әйтпесе, дұрыс қазақ «көп нәрсені», «көп нәрсе» үйренді дейді. Және «Германның» емес «Германияның». «Алматы» телеарнасынан айтылған «19000 адам жұмыстан шығарылады деп күтілуде», «Қала басшысы қырағылық танытуға шақырып отыр» деген сөздер де (25 желтоқсан, 2012) естір құлаққа өте ерсі. Мұның біріншісі «ожидаетсяның», екіншісі «призывает к бдительности». Әсіресе, «қырағылық таныту» деген не? Сөз білетін адам «қырағылық танытты» демей, «қырағы болу», «қырағы болыңдар» дейді. Бұл жерде әубастан сөйлем дұрыс құрылмай, мақсат әйтеуір орысшадан сол күйінде аудара салу болғандықтан соның бәрі «шақырып отырға» келіп тірелді де қойды.

Телеарнадағылар бір бұзақы полицияның қолына түссе, яғни қамауға алынса, не тұтқындалса, оны «темір торға тоғытылды» деп шешенсуді де әдетке айналдырды. «Тоғытылды» деген сөз негізінде көпше түрде ғана көп адам, көп мал турасындағы уақиға кезінде қолданылады.

«Хабар» арнасында Қымбат Досжан деген қарындасымыздың қызмет істегеніне талай жыл болды. Қымбат қарындасымның «Бармысың, бауырымда» «Қандай жағдай болмасын... үміттеріңізді үзбеңіздер» деуін қалай түсінесіз? Бұл жерде ол «Вас ищет...» деген орысшаның ксерокөшірмесіне айналып отыр. Оның «Қандай жағдай болмасын» деуі де сол. Ал, есі бар қазақ «қандай жағдай болмасын» демей, «қалай болса да», «қандай жағдай болса да», «қандай жағдайда да үміт үзбеңіздер» дер еді ғой. Табиғатта ағаш, бұта, қамыс, жапырақ, шүберек тезек, қи қурап қалатын еді. Ал «31 каналды» тыңдап отырып су тіпті, үп-үлкен теңіз қурайды екен-ау деп таң қалдық. Олардың айтуынша «Қурап қалған Аралды аман алып қалуға болады» екен. Сонда үп-үлкен телеарнаның журналисінің аузына «тартылып кеткен», «құрғап қалған», «суы қайтқан» «арнасы тартылған Арал» деген сөз түспей «қурап қалған» түссе, тіліміздің қурауы телеарналардан басталғаны емес пе?!

Осымен тоқталдық. Әрі қарай тізе берсек, қазақ телеарналары қазақ тілін бүлдіруге бұратола бел буған екен деп қалуымыз да мүмкін. Бірақ айтылып отырғанның бәрі шындық, бәрі ақиқат. Ойдан бір ауыз жалған сөз қоспадық. Ал «КТК» телеарнасындағы көрсетілімдер, «Мәссаған», «Наша казаша» сияқты сайқымазақтардың қазақтың салт-дәстүрінен бастап, жаңа үйленіп жатқан жас жұбайларға ақсақалдың беріп жатқан батасына, тіліне дейін арзан келемеж-күлкінің нысанына айналдыруы өз алдына үлкен әңгіме! Қысқасы, қазаққа жаны ашитыны, туған ұлтын, елін сүйетіні рас болса, жоғарыда айтылған мәселелерге тиісті орындар араласып, қолға алмаса, бұл – ұлтымызға, ұлттығымызға зор кесапатын тигізері сөзсіз!

http://www.turkystan.kz/page.php?page_id=36&id=8691

Городская среда

Новые публикации на сайте

Сайт Зиры Наурзбаевой Отукен

Институт языкознания

Статистика посещений

761246
Сегодня
Вся статистика
564
761246

Счетчик joomla
| Joomla