"Қазақ қазақпен  қазақша сөйлессін". Н.Ә.Назарбаев

 

Қобландышыларға хат

Қанағат Жүкешев

Құрметті Қанағат Жүкешев мырза! (...) Өзіңіз айтқандай - қазақ тілінің болашағы халқымыздың бірлігімен тығыз байланысты, бұл мәселені шешу үшін бүгінгі қала қазакқтарының үлесі да болу керек. Осы пікіріңізді қолдаймын. Бірақ, мені  алаңдататын бір сұрақ бар - қазақ грамматикасын өзгерту қажет пе екен? Меніңше, қазақ грамматикасында мәні жоқ. Соған қатысты ойыңызбен бөлісе аласыз ба?

Иги тілекпен, Земфира Ержан.
1.06.2013

Қадірлі Земфира!

Хатыңызды алдым. Рахмет! 
Сіздердің жасап жатқан әрекеттеріңізден хабарым бар. Ізгі ниеттеріңіздің іске асырылуына тілектеспін. Сәттілік болсын! Мен көтерген идеяларға көңіл аударып, тиісті көзқарастарын білдірген, құптарлық пікір айтқан қарындастарға ризашылығымды білдремін. Ал маған қойған «грамматиканы өзгерту қажет пе?» деген сұрағыңызға қатысты айтарым мынау: бұл жерде сөз грамматиканы өзгерту туралы емес, оны  индустриялы қоғамның әдеби тілінің талаптарына лайықтап жетілдіру туралы болғаны дұрыс деп есептеймін. Сіз қойған сұраққа қатысты төменде өңделіп, толықтырылып, екінші басылуға дайындалып жатқан «Тіл философиясы» атты кітаптан үзінді жіберіп отырмын. 

Кезінде ұлы А.Байтұрсынов жасаған грамматика әлі қолданылып келеді. Ол негізінде сол замандағы қазақ тілінің жағдайына лайықталып жасалған және өте дұрыс жасалған грамматика болды. Ол кездегі қазақ тілі мәселелері қойылуы және зерттелуі жағынан Орталық Азияның өзге халықтарының тілдерімен салыстырғанда озық жағдайда тұрды.
Қиындықтың бәрі, біріншіден, қазақ тілінің Кеңес билеген жылдарда іс жүргізуден шеттетіліп қалуынан, екіншіден, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Қазақстан лингвистика ғылымының мемлекеттік тілдің индустриялы қоғамда орнығу және қызмет ету аспектілерін қамтып қарап, олардың күйіне ғылыми дәйекті баға бере алмауынан туындап отыр.
Осы ахуалды ескере отырып, мемлекеттік тілдің мәселелерін үш топқа бөліп қарастарғанда тіл кеңістігіндегі жағдайдың сұлбасы айқындала түседі.

1-топты құрайтын мәселелер:  бұған лингвистика ғылымында қарастырылған, толық болмаса да, бір шама шешілген, тіл қолдану практикасына енгізілген теориялық қағидалар жатады. Ол қағидалар алдымен қазақ тілінің синтаксисі мен морфологиясын қамтиды. Олар – сөз таптары, сөз құрау, түбір сөз бен оған жалғанатын қосымша, сөйлем және оның тұрлаулы, тұрлаусыз мүшелері, сөйлем құрау, т.б. ережелер. Пунктуация, орфография, орфоэпия категориялары бойынша анықталған, тіл қолдану практикасына енгізілген ережелер бар. Әрине, бұл өрістердегі ережелерінің ішінде дау туғызып жүргендері, тіл практикасында қолдануға икемсіздері, бұдан былайғы кезеңде үнемі жетілдіріп отыруды қажет ететіндері де ұшырасады. 

2-топқа тіл ғылымында бар, лингвистер тарапынан талқылаған, бірақ жеріне жеткізілмеген, мәнін толық түсінбегендіктен оған қатысты дәйекті ғылыми қорытынды шығармылаған, сондықтан оқулықтарда қате түсіндіріліп келе жатқан мәселелер жатады.  Олар мыналар:

- әдеби тіл, оның критерийлері мен оған қойылатын талаптар (орта мектептер мен ЖОО-лардың барлық оқулықтарында ғылыми дәйектіліктен аулақ түсіндірулер келтірілген); 

* * *

- тіл лексикасын индустриялы қоғамның қажетіне лайықтап толықтыру (бұған дейін тіл лексикасы аграрлы қоғамдағы ауыл тұрмысын бейнелейтін сөздердің айналасында ғана жүргізіліп келді. Индустриялы қоғамда іс жүргізуге қажетті бірнеше жүз мыңға жететін түбір сөздер мен миллиондаған тіркес сөздер сараланбады, қолдануға дайындап берілмеді); 

- тілдің ресми және бейресми стильдерінің ажыратылуы (лингвистика ғылымында стиль және стилистика туралы түсініктер күңгірт болғандықтан, оқулықтарда қате түсіндірілді. Мемлекеттік тілде іс жүргізу және ғылым стилдердің сипаты ашылмады, үлгілері жасалмады); 

- тіл білуді баршаға міндеттеу (тілші ғалымдар бұл мәселені талқылауға қатысты. Бірақ, оның құқықтық жақтарын назардан тыс қалдырды, мұны тек биліктің күшімен жүзеге асырылатын шаруа деп есептеді). 

2-топты құрайтын мәселелер осы кітаптың І тарауында қарастырылады.

3-топты құрайтын мәселелер:  Бұл топқа осы уақытқа дейін Қазақстандық тіл ғылымында зерттелмеген, тілші ғалымдардың қаперіне ілінбеген, олардың когнитивтік картасында белгіленбеген ақтаңдақтар кіреді. Олар бірнеше ірі теориялық және әдіснамалық мәселелерді қамтиды. 

Теориялық мәселелер мыналар:

-  тілді стандарттау. Екінші сөзбен айтқанда, тілдік бірліктердің формалық және мағыналық орнықтылығының (орысша: стабильность языка) қамтамасыз етілуі. Индустриялы қоғамда терминдердің, атаулардың, фразеологиялық бірліктердің формалық және мағыналық орнықтылығы (стандартталуы) болмаған тілде мемлекеттік іс жүргізу мүмкін емес; 

- қазақ тілінің семантикалық жүйе бірлігі (берілген және қабылданған ақпараттардың мағыналық адекваттылығы);

- денотаттық-сигнативтік ұстаным (тілдік категория ретінде зерттелмеді, аударма үдерісінде ескерілмеді, соның салдарынан тіл практикасында семантикалық қойыртпақ көп орын алды); 

-  тіл контентінің сапасына тәуелділікте жүзеге асырылатын тілдің сыртқы өмірмен байланысы. Бұған дейін ана тілінде жасалып жатқан көркем әдебиеттің, беріліп жатқан білімнің, таралып жатқан ақпараттың мазмұнына, идеялық бағдарлылығына, ғылыми дәйектілігіне назар аударылмады. Қазақ тілі контентінің заманауи адамға рухани құндылық ретінде қажеті болмай, соның салдарынан ол тілді үйренуге көпшіліктің ынтасы болмады;

-  тіл үйренуге мүдделілік мәселесіне ғылыми дәйекті тұрғы болмады. 

Құбылыстың көрініс беруі, сипаты толық зерттелмегендіктен қоғамда тіл үйренуге мүдделілік заңды өзгертіп қоюмен немесе биліктің пәрменімен жүзеге асырылатын іс деген түсінік қалыптасты. Оның күштеумен емес, тіл контентінің сапасының жоғарылығымен жүзеге асырылатыны ескерілмеді. Мәселенің осы қырына терең үңіле алмаған лингвистер тілді айналысқа енгізу істерін әкімшілікке аударып қойып, қарап отырды; 

-  тілдің тоқырауының терең әлеуметтік астарлары ашылмады. 

Тоқыраудың себептері негізінен биліктегілердің әрекетінен, Конституциядағы баптан, ұйымдастыру және қаражаттандыру шараларынан іздестірілді. Әлеуметтік және тілдік белгілеріне қарай екі топқа бөлініп, өркениеттердің түрлі басқыштарында жайғасып қалған халықтың рухани екідайлығынан – дүниетанымдағы және семантикалық жүйедегі түйткілдерден туындап жатқан құбылыстардың сырлары ашылмады;

  - тіл субъектілерінің (тіл тасушылары мен оны үйренушілер) интеллект және мәдени деңгейлері, мемлекеттік тілге қатысты тұрғылары, мотивациясы дәйекті зерттелмеді. Соның салдарынан бұқаралық санада мемлекеттік тілдің толыққанды айналысқа енуіне оған қарсы ұйымдасқан топтардың әрекеті кедергі болып отыр деген түсінік қалыптасты.

Бұған дейін ескерілмеген әдіснамалық мәселелер:

-  тіл талғамы. Бұл ұғым тілдің заманауи тыңдарманның талабына сай семантикалық жүйені қолдана отырып, мәдениетті және сыпайы сөйлеу арқылы тіл үйренушіні өзіне тартатын қызметін білдіреді. Тіл тасушыларының талғаммен сөйлей білуі және оның тіл үйренуге зауық тудырушы рөлі толыққанды зерттелмеді;

-  тіл корпусын құрау. Бұл – тіл үйрету-үйрену үдерісінде бұған дейін назардан тыс қалып келген әдістеме. Соның салдарынан, оқулықтардағы түсіндірме мәтіндерде, келтірілген мысалдар мен жаттығуларда тіл қолданыста сирек ұшырасатын немесе ұшыраспайтын, аграрлық тұрмыс аясында ғана ұшырасатын, қала жағдайында ұшыраспайтын сөздер мен тіркестер көп болып, қазақ тілін үйренуді қиындатып отыр. Теледидар арқылы тіл үйрету бағдарламаларында да солай. Тіл үйрету үдерісінде тіл корпусын өмірлік практикада көп қолданылатын сөздерден аз қолданылатын сөздерге қарай іріктеп құрудың правктикалық маңызы ерекше. 

3-топты құрайтын мәселелер бұған дейін тілші ғалымдардың ғылыми зерттеу ойкуменасына енбеген, қазақ лингвистикасы үшін соны трендтер ретінде осы кітаптың II, III, IV тарауларында тіл практикасынан алынған мысалдармен, ауқымды көлемде қарастырылады.

3.06.2013

Городская среда

Новые публикации на сайте

Сайт Зиры Наурзбаевой Отукен

Институт языкознания

Статистика посещений

1874800
Сегодня
Вся статистика
287
1874800

Счетчик joomla
| Joomla