"Қазақ қазақпен  қазақша сөйлессін". Н.Ә.Назарбаев

 

Тіл мәселесі

Айдын Окаұлы

Aidyn Okauly

«Сұлуды көрсе, отап тастауға, биікті көрсе, құлатып тастауға, күлгенді көрсе, жылатып тастауға, ақты көрсе, қаралап тастауға, сау-саламат болса, жаралап тастауға, адал болса, арамдап тастауға құмар жұмыр басты пенденің нәпсісін тыятын жалғыз нәрсе – ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігі», - деген екен ұлтымыздың ұлы перзенттерінің бірі Оралхан Бөкей.
Міне, Қазақ КСР-ның Егемендік туралы Декларациясының қабылданғанына да биыл 25 жыл толыпты. «Он үште отау иесі», - деген халқымыздың қалыбына салар болсақ, еліміз орда бұзар отызға да таяп қалды. Осынау жылдар ішінде экономикамыз өрлеп, Астанамыз гүлдеп, жастығымыз жайлы, мұнайымыз майлы болғанымен де елінің ертеңін ойлаған азаматтардың үнемі көкейінде жүрген әрі Тәуелсіздік жылдарында нақты шешімін таба алмағандықтан көңілді құлазытқан үлкен бір өзекті мәселе бар.
Ол – Тіл мәселесі.
Иә, Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», - деген орамды ойы баршамызға белгілі. Білгеннен не қайыр, орындамаймыз. ҚР Конституциясының 7 бабының 1 тармағында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі», - деп көрсетілсе, сол баптың 2-тармағында: «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады», - деп жазылған.
Ал, шынайы өмірде біз ненің куәсіміз?
Қазіргі уақытта Қазақстанда қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі болғанымен де шын мәнінде аударма тілі болып отырғанын мойындаудан басқа амалымыз жоқ. Оның өзі көңіл көншітпейді. Бұл ащы да болса шындық. Ал, енді «аударма тіліне» айналған 

«мемлекеттік тіл» грамматикалық қателерге толы болса, оны оқыған һәм тыңдаған адам не жайында айтылып жатқанын түсінбесе, азулы айдаһар елінің мектеп оқулықтарында «әлемде өз тілінде сөйлемейтін мемлекеттің» жауабын «Қазақстан» (!) деп белгілесе... 

күлеміз бе, әлде, жылаймыз ба?
«Бояушы, бояушы дегенге атасының сақалының бояпты», - дейді дана халқымыз. Қазіргі өзін аудармашымын деп жүрген мамандар аударманың ауыр жүгін қаншалықты игере алуда? Және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» болып ресми түрде есептелетін қазақ тілі өз туған елінде қашанғы аударма тілінің рөлін атқармақ? Осы мәселелер жөнінде аз-кем ой бөліскенді жөн көрдім.
Мақаланың әлқиссасында О. Бөкейдің ой-тұжырымын келтірген себебім, өз ана тілін білмейтін адамды ана тілінде сөйлету үшін ең әуелі сол тілге, сол ұлтқа деген құрметін, сүйіспеншілігін арттыру керек. Қазір қалалық ортада туып-өсіп, өзінің «қазақ» болып туғанына арланатын «адамдар» ниеті мен көзқарасын өзгертпейінше Тіл үшін бөлініп жатқан миллиардтардың құмға сіңген тамшыдан еш айырмашылығы болмайтыны анық.
Жақында Ғаламтор парақтарын ақтарып отырып Ұлы Отан соғысының майданы мен әдеби-шығармашылық «майданда» Халық Батыры атанған Бауыржан Момышұлының жалғыз баласы Бақытжан Момышұлының мынадай бір естелігін көзім шалды.

«Бала кезімде, кейін есейе бастағанымда, менің жанымда шешем мен әкем болды, бірақ тіпті екеуінің көзі тірісінде-ақ өзімді жетім сезіне бастадым. Мен жай жетім болып қалғаным жоқ, ана тілін білмейтін, тілсіз кеңістікте қолдан жасалған мылқау күйге түстім. Сөйтіп, әке-шешем шыққан халыққа бөтен саналдым, одан тым алыстап кеттім. Ал өзім баруға талпынған халық мені өзінің туғаны ретінде қабылдай алмады, одан да шеттеп қалдым. 

Иә, иә, мен бір кезде бөтен топыраққа  отырғызылған, жапырағынан қалыбы бөлек, діңгегі қисық ағаш болдым. Ал туған топырағым менің қырқылған тамырым - өз халқымның асыл қасиеті мен бал шырынын бойына сіңіре алмайтынына көзі жетіп, күдерін әлдеқашан үзген еді. Ертеректе бір данышпан екі мәдениеттің тоғысқан жерінде құбыжық пайда болады деген екен...
Мен қаладағы асфальт жолдың баласымын. Егер өзімді тағы да ағашпен салыстырар болсам, арықтың жағасында бетондалып тасталған ағаш тәріздімін. Тап жанымнан сылдырлап су ағып жатыр, әттең, одан қанып іше алмаймын. Ана тілім мен мәдениеттің, ұлттық салт-дәстүрдің, терме-айтыстың дәл қасында тұрсам да шөлімді баса алмаймын. Өйткені біздер – тілсіз жетімдер едік.
Бірде көшеде мені кеудесі орден-медальға толы ақ шашты ардагер тоқтатып, әскери қалашыққа қалай баруға болатынын сұрады. Мен орысша жауап бере бастап едім, сөзімді кілт бөліп, мені тыңдағысы келмейтінін айтты. Мен ренжіп қалып едім, ол зірк ете түсті:
Әке-шешесін қорлаған, тілсіз жетімек!..
Осы бір көшедегі  әңгімеден кейін мен өзімді екі дүниенің ортасында ұшып-қонып жүрген тұрақсыз пенде ретінде сезіне бастадым. Сол күннен бастап өз ұлтымның мен үшін  сөніп-өшуге айналған халықтың асыл көздеріне оралудың ауыр жолы басталды...
Тілді меңгерумен бірге маған қазақ даласының бояуы, туған жердің әуені, өлең-жыры, қазақ әйелінің әдемілігі бірте-бірте буалдыр сағымдай орала берді.
Ең бастысы, өзімді жетім санамайтындай халге жеттім. Қазақстанның кез келген түкпірінде мені бөтен санамайтын болды. Өз халқыммен әрбір жаңадан қауышқан, жүздескен, сырласқан сәттерімде, бұдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын көшеде бақытыма кездескен майдангер ағаға  рахмет айтам. Кім біледі, бәлкім, ол кісі болмағанда, әлі неше жыл адасарымды.
Міне, қазір де арамызда мен сияқты адасып жүрген балалар болса, жоғарыда баяндалған жай сабақ болар деген ойдамын», - деп сыр шертеді Батыр Баукеңнің баласы.
Осындай Ұлы тұлғаның жалғыз ұлы қарт майдангерден осындай ауыр Сөз естігенде жан-дүниесінің қалай төңкерілгенін, жүрегінің қалай жарылмай қалғанын бір сәт ойлап көрдіңіз бе?

Қазіргі ақпарат құралдары, телеарна, Ғаламтор, кино, мультфильм, жарнама және т.с.с. күнделікті көріністердің барлығы санамызға сынамалап еніп жатқан идеологияның бір бөлшегі, оның ажырамас бөлігі. Идеологиясыз жұрт болмайды. Бізде қазіргі таңда қалыптасып отырған рухани вакумды Ресейлік, одан қалды Батыс баспасөзі толтырып Егер, қазақтың егде тартқан кейуанасына жаңадан тілі шығып келе жатқан немересі я шөбересі орысша шүлдірлесе немесе қазақ тілінде шығармашылықпен айналысып жүрген адамдардың өзі отбасына ресми тілмен қатынас жасаса кімді айыптаймыз?
Меніңше, ешкімді айыптауға келмес. Билікті немесе басқаны айыптаудан еліміз көркеймесі анық. Әркім өзінен бастаған дұрыс сияқты. Мәселен, қызмет барысында әріптестермен тіл қатысқанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары, банктер және өзге де орындарда тілдескенде, дүкеннен сауда жасағанда, көшеде жөн сұрасқанда, қоғамдық көліктерде адамдармен сөйлескенде, одан қалды достарыңмен әңгімелескенде үнемі қазақ тілінде сөйлеуді қаперімізде ұстайтын болсақ, қоғамдағы қазақ тілінің де қолданыс аясы анағұрлым кеңи түсер еді.
Ал, сонау бір зұлмат жылдары ұлт үшін жанын қиса да «жастарға сенім артып кеткен» Мағжан Жұмабаев қазақ тілі туралы артына қандай өсиет қалдырды?
«Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы – асықпайтын, саспайтын мінезі көрініп тұр», - дей отырып, М. Жұмабаев қазақ тілінің тұңғиығын жалғыз сөйлеммен көрсетіп кетті.
Жоғарыда айтып кеттік, қазақ тілінің мәртебесі Ата Заңда белгіленген. Тілді зорлықпен таңудың неге апарып соғарын іргеміздегі Украинаның мысалынан-ақ байқауға болады. Қазақ тілін шоқпар ретінде пайдалану ешқашан жақсылыққа апармасы анық. Барлығын рет-ретімен жасаған орынды. «Ең соңғы қазақ» Герольд Бельгерге сүйенсек: «Тілді зорлап үйрету мүмкін емес. Иә, қажеттілікте үйренеміз (мәселен, бізден Алманияға көшкен немістер қазіргі немістің тілін амалсыздан үйренді, өйткені онсыз күні жоқ). Ана тіліңе зәру болмасаң, қалай үйренесің!?”
Ең әуелі, қазақ тілінде сөйлеу үшін қазақ ұлтын сүю керек. Онсыз басқа шаралардың барлығы бос тірлік, құр әурешілік қана болмақ.

Кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы (қазіргі тілмен премьер-министр) қызметін атқарған Нұртас Оңдасынов: «Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Қалай исең, солай иіле береді. Орамын, бұрамын тауып, қисынын, орайын келтіріп пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тас қашап, ағаш, текемет оюға болады-ау. Бұл тілден  май тамады десе де сияр. Ғашықпын  қазақ тіліне... Осындай майда, сұлу тілді қалай өгейсуге болады», - деген еді. Ұлтына деген сүйіспеншілікті бұдан артық қалай жеткізуге болады? ХХ ғасырдың аса бір зұлмат жылдарында ғұмыр кешкен Н. Оңдасынов жоғары мемлекеттік қызметте жүрсе де қызыл партияның қыл бұрауынан қаймықпастан өзінің қазақ тіліне деген махаббатын сездіріп отыр. Осындай бай тілімізді қазіргі уақытта «өгейсітіп» жүрген қандастарды бауырға қалай тарта аламыз? Міне, бұл М. Шахановша айтар болсақ, «ұлт үшін нөмірі бірінші мәселе» болып тұр. Осындайда:

«Алыстан «Алаш!» десе аттанамын,

Қазақты «Қазақ» десе мақтанамын.

Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,

Мен неге Қазақтықтан жасқанамын?», - деген Міржақып Дулатұлының жыр жолдары еріксіз жүрегіңді тербейді.

Таяуда Астанада өткен Қазақстан Халықтары Ассамблеясының ХХІІ сесссиясында ҚР Президенті Н. Назарбаев: «Біздің мемлекетімізге ортақ бір үлгі қажет. Бұл үлгідегі мектепте Қазақстанның мәдениеті мен тарихы, тілі мен әдебиеті қазақша болуы керек. Жаратылыстану пәндері ағылшынша үйретілуі керек. Орыс тілі пән ретінде оқытылуы керек. Ұлттық мәдениет пен тілді сақтап, дамыту әлемдік ақпараттан құралақан қалуға негіз болмауы тиіс», - деді.

Мемлекет басшысының бұл сөзін Тіл үшін шырылдап жүрген жекелеген адамдар салқын қабылдағанымен мәселенің байыбына барып, тереңінен қарау керек секілді. Біз дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіреміз деп алдымызға мақсат қойғаннан кейін оны іске асыру тек ағылшын тілінің күшімен ғана жүзеге аспақ. Мәселен, Ұлыбританияның өзіндегі кеңсе қызметкерлері жаңадан туып жатқан сөздерді игеруге аптасының 4-5 сағатын жұмсайтын көрінеді. Ал, қазіргі ақпарат дәуірінде қандай да бір инновацияның қазақ тілі тұрмақ орыс тілінде шыққанын күтер болсақ өмірден кеш қаларымыз түсінікті жайт. Сол себепті, қазақ тілін үйрену, ағылшын немесе орыс тілдерін меңгеруге кедергі келтірмеуі тиіс. Және, тиісінше, ағылшын, орыс тілдерін үйрену кезінде қазақ тілі қалыс қалмауы керек.
Шет тілдерді үйрену  өз ана тіліңді ұмыт дегендік емес. Қайта, керісінше, қазақ тілін біл, сүй, құрметте, бірақ, ағылшын және орыс тілдерінде де еркін сөйлеп, жатық жаза алуға міндеттісің. Әрине, оның бәрі болашақтың еншісінде.
Осы орайда Халел Досмұхамедовтың осыдан бір ғасыр бұрын айтқан сөздері бүгінгі күннің тақырыбын толық аша алатынына қайран қаласың: «Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол - күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл - сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате».

Иә, алдымен не нәрсеге күйіну керектігін, не нәрсеге сүйіну керектігін ара-жігін ажыратып алуға тиіспіз. Құлқынның ғана құлы болу адамға бақыт әпермейді. Тағдыр тауқыметімен жер ауған талай аталарымыз «туған жерден бір уыс топырақ бұйырса екен» деген армандарын арқалап кетті. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ, қазіргі жастардың кейбірі Батыстың арзан жылтырағына елтіп есі ауған жаққа қоныс аударатыны қынжылтпай қоймайды.

Арада мың жыл өтсе де артына жазып қалдырған мол мұрасы құндылығын жоймаған Омар Һайям:

«Жүректің түріп құлағын,

Ойланып, тағы қарашы.

Кімсің сен, қайда тұрағың

Енді, қайда барасың?» - деген екен.

Өз елінде Өз тілін өгейсітіп отырған Қазақ жұртының әрбір азаматы осы сөздердің төркініне үңіліп бір сәт болса да өз-өздеріне сұрақ қойса, менің осынау шағын ой-толғамдарымның еш кетпегені деп білемін.

Сөзімді Карл Маркстың мына бір цитатасымен аяқтағым келеді: «Не знать языка страны проживания может гость, идиот или оккупант...».

Городская среда

Новые публикации на сайте

Сайт Зиры Наурзбаевой Отукен

Институт языкознания

Статистика посещений

1872218
Сегодня
Вся статистика
1400
1872218

Счетчик joomla
| Joomla