Алматы қаласының әкіміне Ашық хат
Алматы қаласының әкіміне
Ахметжан Смағұлұлы Есімов мырзаға
АШЫҚ ХАТ
Құрметті Ахметжан Смағұлұлы!
Алматы шахарстаны – Қазақстанның ең ірі қаласы, оның мәдени астанасы. Елімізде мемлекеттік тілдің дамуы мен толыққанды қызмет етуіне ерекше көңіл бөлініп отырған тұста қала кеңістігі де мемлекеттік тіл саясатына септігін тигізетіндей құрылуы өте маңызды. Өйткені қала көшелеріне ұзына бойы ілінген коммерциялық және әлеуметтік жарнама, билборд мәтіндері қазақ тілінде сауатты жазылған болса, бұның өзі ерекше сипаттағы тіл үйретуші оқулықтың қызметін атқарар еді.
Бір өкінішітісі, фактілер бұның ауылы алыста екенін көрсетіп тұр.
Осыдан аз уақыт бұрын бейнежарнама мәтіндерінде емле қателер «самсап» тұрушы еді. Бүгінде бұның беті біраз түзелді десе де болады. Алайда Алматыдағы жарнамалық қазақ мәтіндерінің сапасын тіпті қанағаттанарлық деп бағалаудың өзі қиын. Олардың басым көбі – орыс тілінен еш өзгеріссіз алына салынған сөзбе-cөз аударма, калька. Бұндай аударма мәтіні қазақ танымына жат, тілінің құрылымына, грамматикалық нормасына мүлде сәйкес келмейді. Жаппай тұтынуға, көпшілік назарына арналғандықтан, сауатсыз, жасанды «қазақша» мәтіндер, шын мәнінде, тілді дамытып емес, дамуын тежеп отыр.
1.Олар қала тұрғындарының санасында қазақ тіліне деген құрметтің орнығуына кедергі келтіреді. Қала кеңістігіндегі қазақ тілінің тек аударма тіл ретіндегі көрінісі салдарынан оның өзіндік бет-бедері, ерекше құрылым-құрылыс грамматикасы мен ұғым, құбылыс, қатынастарды жеткізуге әлеуетті лексикасы мен фразеоолгиясы жоқ деген қате түсінік қалыптасады. Қазақ тілі халықтың сан ғасырлық әлем туралы білімдерін жинақтаушы, сақтаушы, жүйелеп жаңғыртушы, дүниені танудың бірегей жүйесі екені туралы түсінік мүлде тасада қалады.
2.Олар қоғамда орын алып отырған тілдің пиджинденуі сияқты теріс үрдісті ушықтыра түседі, өйткені қазақ тілін бұрмалайтын, шұбарлайтын формаларды үнемі көп тиражбен туындатып отырады.
Құрметті әкім мырза! Сізден Алматының бейнеақпаратының сапасына жауап беретін құрылымдар өздеріне жүктелген міндеттерді орындай алмай отырғанын тағы да қайталап айтуға тура келіп тұр.
Дүниедегі ең көркем бейнелі, ең бай тілдердің бірінен танылатын қазақ тілі өзі мемлекеттік тіл ретінде өмір сүріп отырған тәуелсіз еліміздің мәдени орталығы, шахарстаны – Алматының ақпараттық кеңістігінде өрескел қателермен, сауатсыз аудармамен «айқайлап тұрған» мәтіндерде қорланып жүргеніне бұдан артық саналы жұршылық төзе алмайды. Қаламыздың мемлекеттік тілге деген құрметінің үлгісі осындай болмақ па?
Егер қала басшылығы Алматы көшелерінде сауатты қазақ тілінің салтанат құруы үшін қоғамдық қолдауды қажет етсе, біздер, байырғы алматылықтар, туған қаламыздың жанашырлары, еліміздің патриоттары ретінде қолда бар көмегімізден (қоғамдық негізде кеңесушілік алқалар ұйымдастыру, бұл істің басына жетекші мамандарды тарту, т.б.) аянып қалмайтынымызды алға тартамыз.
Алматы қаласының ортасы қазақ тіліне деген құрмет нышанына әбден лайықты.
Фатима Джандосова, маркетолог; Нұркен Дүйсекеев; Земфира Ержан, kieli7su.kz сайтының бас редакторы; Әлихан Есенжан, әдеби сыншы; Бейбарс Жұманиязов, сценарист; Зира Наурызбаева, мәдениеттанушы, otuken.kz интернет жобасының модераторы; Жәнібек Сүлеев, web баспашы; Мұхтар Тайжан, экономика ғылымдарының кандидаты; Айнұр Тұргамбаева, киноартист; Кенже Татиля, журналист; Диляра Шарипова, өнертанушы.
14.05.2013
Городская средаКазахский язык в городской среде | Новые публикации на сайте |