«Нобель сыйлығының лауреттары жыршылардың ішінен шығуы мүмкін». Сұхбаттасқан Дәурен Қуат
Дәурен Қуат - Земфира Ержан
Земфира Ержан 2009 жылы қазақтың эпостық жырларын жататтыру арқылы қазақ тілін үйретудің жобасын қолға алған болатын. «Қобыланды»-жатқа» деп аталатын жоба - тіл үйретудің бұрынғы-соңғы әдістерінен ерекше жоба. Аталған жоба туралы төмендегі сұхбатымыздан қаныға түсесіздер. Алдымен сұхбаттасымыз жөнінде оқырманды қысқаша таныстырып өтейік.
1984 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу Университетінің Тарих факультетінің Өнер тарихы бөлімін бітірген. Мамандығы - өнер зерттеуші. Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, «Қазақстан» телерадиокорпорациясында қызмет еткен, «Алматы-art» журналын шығарған. Қазір фрилансер ретінде журналдарға мақала, теледидарға сценарийлер жазып тұрады. «Қобыланды»-жатқа» жобасының бағы жанып, үлкен нәтижелі іске айналатынына сенімім мол», - дейді ол.
- Земфира ханым, мен сіз туралы, сіздің жобаңыз туралы алғаш Зира Наурызбаевадан естіген едім. Зира маған сіздің қазақ тілін үйренгісі келетін адамдарға эпостық жырларымызды жатататыныңызды айтып берді. Сіздің бұл әдісіңізге басында таң қалдым. Ауызекі сөзді әрең түсінетін, түсінсе де сөйлей аламайтын жанның бірден күрделі дүниеге бойұсынуы мүмкін бе деп ішімнен күмән келтіргенім де бар. Бірақ қалайда мән беру керектігін ойлап та қойдым. Сөйтіп жүріп есіме мына бір қызық оқиға түсті. Бала кезімде жайлауға шығып қой бағатынмын. Ертеден кешке дейінгі ермегің мамырлап жайылып жатқан отарға көз қиығыңды салып қойып кітап оқу, сосын... қойға еріп шыққан итпен сөйлесу. Иә, кәдімгі итпен. Итті шашау шыққан отардың шетін қайырып келуге жұмсайсың. Ол барып келеді. Сондай тілалғыш ит. Итімді мақтаймын. Мақтағанда бар ғой, оған кәдімгі мадақ жырын арнаймын. Екілене, еліре мақтаймын. Итім кәдімгідей мәз болады. Кейде оның жалқаулығы ұстай қалады. Сонда да оны ренжіп қалмасын деп дауысымды қатты шығармай ұрсамын. Ол сонда да риза болады. Ал, қызық үшін зекіген үнмен қатты дыбыстап мақтасаң, құйрығын қысып алып зыта жөнелетін. Айып етпеңіз, мен сізге бала кезімнен бір естелік айтқан болып отырмын. Кешірім сұрауымның себебі, сіз адамға тіл үйрету, оның ішінде аяулы ана тілімізді үйретумен шұғылданып жүрсіз. Ал, мен лағып ит туралы айтып кеттім. Бірақ, итте де керемет түйсік бар ғой. Ол сөздің мазмұнынан бұрын интонацияға елігеді. Маған адам да солай сияқты көрінеді. Алдымен сөздің дыбысталуы, экспрециясы, интонациясы, содан кейін барып мазмұны, яғни семантикасы. Жырда алдыңғы орынға мазмұннан гөрі екпін шығып отырады ғой. Солай емес пе? Ендеше сіздің шәкірттеріңіз, естуімше олар ересек адамдар көрінеді, жыр жаттаудан қандай нәтижеге қол жеткізе алды? Оларға жырды қалай жаттатқыздыңыздар? Жырды жататтыру идеясы сізге қалай келді?
- Жырлар, олардың ішінде, батырлар жыры - қазақ мәдениетінің асыл мұра жауһарларының бірі. Кез келген халықта кездесе қоймайтын, құндылығы зор, ата-бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті, таусылмас қазынасы да осы - жыр. Жер астындағы мұнай қазіргі күндері еліміздің беделін арттырып, риздығын еселеп тұрғаны секілді, жырлар - ана тілінен махұрым қала жаздаған замандастарымызға өзінің ұлттық болмысына қайта оралу үшін мүмкіндік туғызып отырған ғажайып құбылыс. Оны тек түсіну қажет. Біздің бабаларымыздан алып қалған рухани дүниеміздің шегі жоқ. Сондай мол дүниені тек қолдана білуіміз керек.
Жырдың қасиетін, жырдағы тілдің байлығын, тарихи мағлұматтардың жырда ерекше көп екенін мен өзімнің тәжірибеме сай, жалпы мәдениет зерттеулеріне қатысым бар адам ретінде бағалап, мойындай аламын. Ал социология мен әлеуметтік психология тұрғысынан Қазақстандағы тілдің ахуалына қарасақ, оны түзетіп, ретіне келтіру үшін бұрыннан қолданып жүрген, өзінің пайдасыздығын толығымен дәлелдеген тәсілдер мен әрекеттер емес - мүлдем басқа, жаңа ұстаным қажет екені белгілі болып тұр. «Қобыланды»- жатқа» осы бағытқа толығымен сай келетін жоба.
Мысалы, қазіргі кеңінен таралған әдістемелер (олар көбінесе орыс тіліне жақындатып құрастырылған әдістемелер) сөйлем үйретіп, түрлі тақырыптың басын қайырып, шетін қозғап, аяғында сонымен шектеліп отырса, - «Қобыланды»- жатқа» жобасы әлеуметке алты мыңдай өлең жолын жаттауға ұсыныс жасайды. Қазақ тілін үйренемін, білімімді жетілдіремін деген адам жырды жаттағанда - тілдің кәусәрына сусындай алады, қазақ рухына өзінің қатысы бар екенін сезіне алады. Қанындағы батырлық пен батылдықты құрметтейтін ерлік дәстүрі оянып, Отанын, туған жерін құрметтеп, елінің намысын қорғауға ұмтылады.
«Қобыланды»- жатқа» жобасы қай жағынан алсақ та өте ұтымды. «Қобыланды»- жатқа» жобасы арқылы әр қазақтың ұлттық санасы сілкініп, тіл байлығы кемелденеді, сондай-ақ басқа да қабілеттері ашылады. Біріншіден, осы жоба арқылы талапкердің ойға сақтау қабілеті міндетті түрде жақсаруға тиіс. Екіншіден, соңғы зерттеулерге көз салсақ, әдебиет пен өнердің жалпы адам мыйының оң жақты бөлшегіне үлкен әсері бар екен. Ал бүгінгі әлемдегі ең үздік ғылым мен технологиялардың дамуына осындай қалыптан тыс ойлау қабілеті бар адамдар өте қажет. Демек, біз көп ұзамай-ақ жыршылық мектептерді қайтадан жаңғыртып, замануи дәстүрге айналдыруымыз керек. Жыр айту дәстүрі ел ішінде кең тараса - мектептегі оқушылармен қоса ересектер де, қазына кеуде қарттарымыз да жыр жолдарын жатқа айтып, сарнап тұрса - онда, әлбетте, жаңа, қазіргіден деңгейі әлдеқайда жоғары әлеумет қалыптасар еді. Бұл жағдайда, бәлкім, қазақ жерінен Нобель сыйлығының лауреаттары да шетінен шыға бастар ма еді, қайтер еді.
Әңгімеміз бос қиялға ұқсап оқырманды күдіктірмес үшін, «Қобыланды»- жатқа» жобасының өзектілігін дәлелдейтін үшінші маңызды себепке келейік. Кейінгі кезде бір білгіштер қазақ тілін үйрене алмайтынын оның «күрделілігімен» байланыстырып, тілді жеңіл, ыңғайлы әрі орыс пен ағылшынтілділерге тез түсінікті болу үшін өзгертсек деген пікірлер айтып жүр. Ал, бұл дегеніңіз орыс тіліне көзсіз еліктеп, ойсыз табынып жүргендердің тілімізді түбірімен жою жолы болып шығады. Осындай қауіпті бағытқа тосқауыл қою үшін қазақ әдебиетінің, қазақ тілінің құндылықтарын насихаттау -- баршамызға міндет болуы керек. Тілдің өзгеруі, жаңа құбылыстарға сәйкес жаңа сөздер мен ұғымдардың пайда болуы заңды. Сонымен бірге, тіл мәдениетінің тарихи кезеңдерден өтіп сақталуы, келер ұрпаққа түсінікті болуы - тілдің өміршеңдігінің көрсеткіші. Қазақ жырларын оқымастан «тілі күрделі» деп ысыра салу - жиі кездесетін, өкінішке орай, бізде ендіге қалыптасып та кеткен қателіктің бірі. Мысалы, «Қобыланды батыр» жыры орыс тілінде оқып, білім алған біздерге де мағынасы айдай анық, сюжеттік иірімдері жүрекке ыстық, дыбысы құлаққа жағымды. Жоғарыда айтылған ойлардың қортындысын мен мындай мысалмен қортындылар едім. Қазақ жырларына қатысты жобалардың армандаған нәтижесіне жете алсақ, оның қазіргі қазақ мәдениетіне беретін әсерін компьютерлік «перезагрузка» әрекетімен салыстыруға болар еді. Қазақ жырларының арқасында біз өзіміздің шынайы ұлттық болмысымызға жол табар едік.
Сіздің сауалдарыңызды ескере отырып, «Қобыланды» - жатқа» жобасының тәсілдерімен таныстыра кетейін. Оның негізгі өзегі - жырдың ішіндегі, жырға қатысты барлық сөздерді, ұғымдарды, құбылыстарды жан-жақты түсіндіру. Жұмылып көтерген жүк жеңіл дегендей, жобада үш тренер болып жұмыс істейміз. Үшеудің бірі -- өнер зерттеуші, философ, филолог Анар Фазылжанова. Екінші тренеріміз -- философ, мәдениет зерттеуші Зира Наурызбаева. Зираның осы бағытта істеген ғылыми жұмысының мәні аса зор. Ескерте кетейін - Зира ханымның қысқа мерзімде және волонтер ретінде «Қобыланды батыр» жырына дайындап берген түсініктемелері қазақ әдебиеттану ғылымын жаңа, жоғары деңгейге көтеріп отыр десек, артық болмас. Біздің Зира ханыммен бірігіп дайындаған әдістемеміз де бар. Демек, «Қобыланды» - жатқа» жобасына келіп өзінің қазақшасын жақсартамын дегендердің қолында әр сөзді, оның әр жақтағы мағынасын (филология, тарих, этнография тұрғысынан) түсіндіретін кітапшасы бар. Жырды жаттаған кезде оның ырғағы, әрине, сөздердің еске сақталуына көмегі тиетіні белгілі. Бірақ, біздің жоба тілді негізінен сөз арқылы үйретеді. Сіз айтқан естелікпен бұл жайтты салыстыруға келмес.
Тіл үйрену жолында оның өзіне тән контексті өте маңызды. Ол рас. Жыр жолдарын жаттауға қоса жобаға қатысушыларға домбыра үйрену, атқа шабу мүмкіндігін беруді де жоспарлап отырмыз. Алдымызға қойған мақсаттарымыздың бірі - осы жоба бойынша теледидарда ұлттық реалити-шоу дайындау. Біздің басты міндетіміз - кәсіби білімімізді жобаның игілігіне жұмсау. Қалғаны -қатысушылардың талабына байланысты. Жалпы тіл үйрену адманың төзімділігін, алғырлығын талап етеді. Жырдың бастауыш үш жүз жолына арналған тренингте орыстілді қазақтар мен басқа ұлттардың өкілдері жоба тәсілдерінің нәтижесі бар екенін дәлелдеді. Мысалы менің өзім, жырдың тілімен танысып, оны орысшаға аударып, жаттап, қажетті түсініктемелерді жазғаннан кейін мақалаларымды өз тілімде жазуды үйрене бастадым.
Қазақ тілін жыр арқылы оқытудың ойын, идеясын оятып себепшісі болған - үйімнің кітапханасындағы өткен ғасырдың елуінші жылдарда шығарылған, бала кезімде суреттерін сүйсініп қараған «Батырлар жыры» кітабы. Қазақ тілін арнайы шағын жоба ретінде, ән арқылы да үйретуге болады. Қазақ тілінің жанашырлары көбеюі үшін оның әсемдігін, ерекшелігін, күшін, шексіз мүмкіндіктерін кәсіби деңгейде көрсету қажет.
- 1980 жылдардың аяғын ала қазақтілі туралы жақ жаппай айтумен келеміз. Тілімізге мемлекеттік мәртебе де бердік. Тіл үйренуге қажетті қаншама әдістемелік оқу құралдары мен сөздіктер шығардық. Тілжанашырларының іс-әрекетін сынаушылар Ожеговтікі сияқты алдымен қазақтілінің түсіндірме сөздігін жасап алу керек еді деседі. Қойшы әйтеуір, қолға алынған іс-шара, бағдарлама көп, ниетте түзу сияқты, бірақ нәтижеге көңіл толмайды. Ұлтшыл күштер биліктің мемлекеттік тілде сөйлеп, мемлекетті мемлекеттік тілде басқаруды талап етуде. Биліктің әзірге ондай талапқа қыңар түрі байқалмайды? Қайтпек керек? Тіл мәселесі жүйесін тапқан елдерді мысал етпей тұрып алдымен өз жайымызға талдау жасап көрейікші? Біздің неге тіл мәселесіне келгенде кежегеміз кері тарта береді?
- Сіздің қазақ тіліне деген жанашырлығыңызды құптаймын. Бірақ менің ойымша жағдай жаман емес. Қазақстандағы тіл мәселесі өзінің бағытын тауып, даму үстінде. Сіз айтып кеткен шаралардың, әсіресе, көптеген сөздіктердің шығарылуының, маңызы зор. Билікте отырған азаматтардың да ойы - қазақ тілдің шынайы мәртебесін көтеру. Қазіргі жағдайдың позитивті екенін көрсету үшін бір мысалды есіңізге түсірейін. Тоқсаныншы жылдардың басында «Жаңа буын» деген ұжым пайда болып, қазақ тілінің қажеттігіне үлкен күмән келтірген болатын. Ал сондағы жалған үрдіс кең тарап, ол биліктің да саясаты болып кеткенде не істередік?! Қазақ тілінің «буынып», мерт болғанын сонда көрер едік пе, қайтер едік? Әрине, бәріміз да мемлекеттік тілдің тез арада қалпына келуін қалаймыз. Бірақ оған уақыт та керек шығар. Қараңызшы, қазақ тілін мүлдем білмейтін буын 60-шы жылдардың аяғында қалыптаса бастаған жоқ па? Ол Совет кезеңіндегі «тотальная русификация» саясатының қырық жылда жеткен нәтижесі емес пе еді?
Алдымызға қойған мақсаттарға жету үшін налымай, қажымай-талмай күн сайын еңбек ету керек. Тәуелсіздік жылдарындағы істелінген ауқымды жұмыстардың жемісін көп ұзамай көрерміз, көріп те жатырмыз.
- Міне, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өттік. Сіз айтып отырғандай жетістіктеріміз де бар. Ол жетістіктердің игілігін де ептеп көріп жатырмыз. Бірақ, тап осы тіл мәселесінің тоңын әлі жібіте алмағанымызды мойындайықшы. Назарбаев өз тұстастарын қорғап жиі сөйлейді. Өткенде Алматыға келген сапарында да: «Сендер аға ұрпақты тіл білмейді деп кінәләмаңдар. Оларға енді қазақтілін үйрену қиынға соғады. Сондықтан жастар үйренсін тілді. Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деді. Қандай ыстық сөз: Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде! Бірақ біз сол болашаққа шын мағынасындағы мемлекеттік тілмен бара аламыз ба? Менің көршім Жәмилә деген ұлты күрд жесір әйел ертемен тұрып баласын орыс мектебіне сүйрейді. Мен оған «дініміз бір, тіліміз де ұқсас, балаңызды қазақ мектебіне неге бермейсіз?» деп көрдім. Жәмилә менің сөзімді құлағына да қыстырған жоқ. Оны айтасыз, Алматыдағы мектептің бірін таза қазақ мектебі етіп қайта жасақтау жөнінде басшылық шешім қабылдаған екен, сол мектептің айналасындағы жұрт өре түрегеліп қарсы болыпты. Қарсы болғандар кімдер дейсіз ғой? Түбі бір түркі бауырларымыз: ұйғырлар мен түріктер және күрдтер. Бұлар сөйтіп жатқан соң өзгелерден не сұрайсың? Мен сондықтан былай ойлаймын: Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл және болашаққа апаратын тіл ретінде мойындалуы үшін биліктің саяси ерік-жігері керек. Алайда билік бұтақтары ондай ерік-жігер таныта алмай отыр. Зиялы қауым болса, тіл мәселесін айта-айта сүйкімсіз көрініп, шаршаған да сияқты. Бірақ, бұл тіл үшін күрестің ең соңғы шегі емес қой. Солай емес пе?
- Қазақ тілін тек жерімізді мекендеген өзге ұлт өкілдері білмесе - әңгіме басқа. Бірақ, шынын айту керек: орыстілді қазақтардың саны да аз емес қой. Зиялы қауымға келсек, олардың тілге жанашырлығы тек сөзбен шектеліп тұрғанына да куә болып жүрміз. Мысалы, белгілі жазушылардың балаларының ішінде қазақ тілінде еркін сөйлейтіні бірен-саран, тіпті жоқтың қасы.
Менің байқауымша соңғы жылдары қазақ мектептерінде басқа ұлттың өкілдерінің саны жылдан жылға өсіп келе жатыр. Бұл -- олардың ата-аналары болашағын ойлағанықтан болып жатқан жайт. Қазақтар туған тіліне құрмет көрсете алса, басқа ұлттар да осы ұстанымға көшер еді.
- Балтық елдеріндегідей бізге де тіл полициясы керек пе? Путин мигранттардан да орыс тілі мен орыс тарихы жөнінде сынақ алу керек деп жатыр? Сондай талапты біз де қоя аламыз ба? Ол үшін кешенді жұмысты неден бастаған жөн?
- Қандай талапты болсын мүмкіндікке қарай қойған жөн. Ресейде орыс тілін білмейтін азаматтар (мигранттардан басқа) бар ма екен? Ал бізде Балтық елдеріндегідей азаматтық намыс қалыптасты ма екен? Мемлекетімізде тарихи ерекшелігімізге сай тіл саясаты дамып келе жатыр. Әрине, жарнамалардағы қателерді немесе көңілге қонбайтын аудармаларды көргенде өкініп-ақ қаласың. Мемлекеттік тілді мекемелердің тақтайшаларында қолданудан бас тартатындар да жиі кездеседі. Оны ретіне келтіретін заң бар. Демек, жалпы тіл мәселесі Қазақстан азаматтарының өз мемлекетінің заңдарын құрметтеп, орындауына байланысты. Кешенді жұмыс қабылданған заңның мүлтіксіз орындалуынан басталуы жөн.
- Біз - қазақтілдіміз бар, орыстілдіміз бар өзге елдердің тіл мәселесін қалай жолға қойғанына қарап еріксіз бас шайқаймыз. Қызығамыз. Сондай кереметті жасау өз қолымыздан да келетіндігіне бірақ, еш мән бермейміз. Біз, қазақ, тек кереметтер мен ғажайыптарға тамсанып қол соғуға ғана жаралған халыққа ұқсаймыз. Бірде Әбілфайыз ақсақалдың үйінде болдым. Сұхбат алуға барған едім. Қызылшырайлы жүзі қартайған шағында өмірдің мол қызуынан шаттық тапқан ағамыз шалқып отыр екен. Әңгімеден әңгіме шығып ол кісі маған баласы Ерлан туралы, «қазақ тілі дипломатия тілі бола алмайды» деген елшіміз Ерлан Ыдырысов туралы айтып, кеңінен көсілді. Ақсақалдың айтуына қарағанда Ерланның білмейтін тілі жоқ екен. Полиглот дерсің. Көне иврит тілін де үйреніп алыпты. Мен «Ерланның қазақшасы қалай?» деп қолайсыздау бір сұрақты қойып қалдым. Ақсақалдың қызылшұғылалы жүзінде сұрғұлт бояулар лыпыл қақты. «Біледі, - деді содан соң жұтынғандай болып, - үйренеді, үйреніп жүр». Ақсақал менің сауалымды жақтырған жоқ. Мен ол кісінің аузын бағып, Ерланның тілбілгіштігіне тамсанып қайтуым керек еді. Біз олай ете алған жоқпыз. Сұхбатта жазылған жоқ. Есесіне қазақ емеспін бе, идыш тілінен саналы түрде бас тартып, иврит тілін тірілткен еуропалық еврейлердің ерлігіне тамсандым. Еуропалық еврейлер Израйль жеріне келгенде неге идыштан бас тартты, біздің кісілер неге әлі күнге өзге мемлекеттің мемлекеттік тіліне жабысып жүр деп ойлайсыз?
- Өз басым өзге тілдерді жақсы меңгерген адамдарға қызыға қараймын. Өзге тілдерді білетін адамның ой - өрісі, ақыл - парасаты кеңейеді. Басқа мемлекеттерде «қазақтар шет тілдерінде еркін сөйле алады» деген ұғым пайда болса, жаман емес қой. Өткені - өткен, болары - болған. Біз «қазақтілді орта», «орыстілді орта» болып қазіргі қысқа ғана тарихи мерзімнің ішінде бөлініп отырмыз. Жиырма жылдан кейін дейік, дүниеге келген ұрпақ елімізде тілге қатысты осындай ахуалдың болғанына таңқалып, оның ақиқаттығына сенбеуі де мүмкін. Болашақты ойласақ, сіз мысал келтіріп отырған полиглоттардың қазақ тілін тез үйренетіндігіне үміттенемін. Себебі көп тіл білген адамның тіл үйрену табиғи қабілеті бар екені белгілі.
Тілді білу - әр адамның өз еркінде. Мен тіл үйрететін жобамен айналысқалы бері қазақ тілін білмегендігіне шынайы өкініп жүрген адамдарың талайын кездестірдім. Олардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Ал әлеуметтік жағдайын ескерсек - көбісі билік пен бизнеспен айланысып жүрген азаматтар. Қазақстанның болашағы қазақ тілімен тығыз байланысты екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Расында, балаңмен, немереңмен өз тіліңде сөйлескенге не жетсін?! Сәбиіңді «құлынтайым», «ботам» демей еркелетуге бола ма? Ал енді «еркелету» деген сөзді орыс тілінен іздеп көріңізші. Жақын аудармасы бар болса да - нақтысы жоқ. Басқа тілдерде табылар ма екен? Осындай жағдайда полиглоттардың да көмегі қажет болып қалар.
- Жырымызға оралайық. Сіздің тілді үйрету тәсіліңіз өте қызықты болғанымен кеңінен қолдау тапқан жоба деп айта алмаймын. Бұл жобадан көптің хабары да шамалы. Неге? Неге баспасөзге шықпайсыздар? Телеарналардан неге бағдарлама ашпайсыздар? Қазақ радиосының көмегіне неге сүйенбейсіздер? Қашанғы ерікті жұмысшы - волонтер болып жүруге болады? Неге бағдарламаларыңызды мемлекеттік органдарға ұсынбайсыздар? Осы сауаладарға берген жауабыңызбен әңгімемізді әзірге аяқтай тұрайық. Алайда, алдағы күндері тығыз қарым-қатынаста болсақ деген ойдамын. Қарсы емессіз бе?
- «Қобыланды» - жатқа» жобасын 2009 жылы бастағанда жобаның мемлекет мүддесіне сай екендігін ескеріп, оған жоғары ғылыми білімі бар адамдар қатысқандықтан әрі көпшіліктің қызығушылығына бөленгендіктен - оның үш жыл бойы керекті іс-шараларға енгізілмей қалатынына сенбеген едім. Бірақ, бүгінгі жобаның жағдайы мәз емес. Мәдениет министріне де хат пен түсірілген фильмді жібергенмін. Көптеген телеарналардың басшыларына да... ( мысалы, жаңадан тағайындалған «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төрайымының блогына жолдаған ұсынысым қазір да жауапсыз тұр). Осы орайда сіздің «Қобыланды» - жатқа» жобасына көңіл аударғаныңызға көптен-көп рахметімді айтамын. Қазақ оқырмандарға кең танымал порталыңыз арқылы жобамыз тіл мәселесімен айналысып жүретін мемлекеттік шенеуніктердің көзіне ілінетініне сенемін. «Абай» порталының редакциясымен, әлбетте, пікір алмастырып тұруға дайынбыз.
Сұхбаттасқан Дәурен Қуат, «Абай-ақпарат»
Опубликовано 31.01.2012 года http://abai.kz/content/zemfira-erzhan-nobel-syilygynyn-laurettary-zhyrshylardyn-ishinen-shyguy-m-mkin
Городская средаКазахский язык в городской среде | Новые публикации на сайте |