"Жаужүрек мың бала": қазақтар, түнде келіңдер!"
Әсия Бағдәулетқызы
«Жаужүрек мың бала» фильмінің жарнамасы дүркірей бастағанда ел құлағы елеңдей қалды. Теледидардан түспей «Аттандық, Алаш!» деп ұрандатып жатқан соң, қайдан білейік, бір кереметті түсірген шығар деп кинотеатрға асықтық. О, тоба... Астанадағы айналдырған алты кинотеатрдың төртеуінде бұл киноны орысша ғана көрсетеді екен. Уақытын тізіп алып, пайызға шағып көрдік, көрсетілімнің 87 пайызы «ресми», 13 пайызы ғана мемлекеттік тілде. Қазақша «Сары Арқа» және «Хан Шатырда». Оның өзі сағат нешеде дейсіз ғой. Түскі 13.00-ге, түнгі 23.20-ға қойыпты. Оу, сонда қазақтардың бәрі ерігіп жүр ме?
Ал жұмысымызды тастай салып киноға шұбырайық, «Кинопарктің» иелері біздің орнымызға жұмыс істеп бере ме? Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, «Мың баланың» қазақшасын аңдып отыруымыз керек пе әлде?.. Парадоксты қараңыз: тек Қазақстанда ғана мемлекеттік компанияның мемлекеттік тілде түсірген киносы бөгде тілге аударылып ұсынылуы мүмкін. Сонда ойлайсың, қазақша көрсете алмаса, қазақтың тарихы туралы кино түсірем деп тыраштанудың қажеті қанша еді. «Мың бала» түгілі, «Он мың бала» болса да, оның орысқа бес тиынға керегі жоқ қой, әйтпесе.
Мұның бәрі мемлекеттік тілге қастандық сияқты елестейді бізге. Қалайша дейсіз ғой. Ертең, прокат уақыты біткен соң «кассаны» жариялайды: «Орыс тіліндегі нұсқасына бәленше адам келді, қазақ тілінде көрсетіп едік, ешкім келмеді» дейді. Беттері бүлк етпестен қай тілдегі көрсетілімнен қанша ақша жиналғанын салыстырады. Әрине, мемлекеттік тілді тұқыртудың, «кинохананың» есігінен сығалатпаудың тағы бір тамаша жолы бұл. «2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан аймағында прокатқа түсетін барлық фильмдер мемлекеттік және қажет деп тапқан жағдайда өзге тілде таратылады» деген заң бар. Осы заңды белден басқан «Кинопарктің» бір басшысы: «Қазақфильм» қалай ұсынды, солай көрсетіп отырмыз», – деді. Сонда мемлекеттік тілдің обалы жекелеген «киноханаларға» ма, әлде «Қазақфильмге» ме?..
Бұл жағдай бір біздің емес, қалың ғаламтор пайдаланушыларының ашуын туғызды. Мысалы, «Керек-инфо» блогтұғырының қолданушылары бірауыздан «Жаужүрек мың балаға барма, барғызба!» деген ұран тастады. Бұл акцияға aitaber.kz, surak-zhauap.kz ресурстарының қолданушылары да қосылды. Фильмнің ағылшын тіліндегі (!) парақшасында «Ешкім бізге орыс тілінде деп ескертпеді, сұрайтындай біздің қазақша киноны орысша көру ойымызға да кіріп шықпады. Айналайындар-ау, ҚАЗАҚ тарихындағы Отан үшін жан кешкен ҚАЗАҚ батырларының ҚАЗАҚфильм шығарған, режиссері, актерлары бәрі ҚАЗАҚТАР болған ҚАЗАҚ еліндегі ҚАЗАҚ КӨРЕРМЕНДЕР көруге барған киноны "ОРЫСША" аудармамен көрсеткендеріңіз ұят болды» деген сыпаттағы пікірлерге Gulazhar Mashrapova деген «Қазақфильмнің» өкілі: «Қосымша қазақ тіліндегі нұсқалары дайындалып жатыр», – деп құтылыпты. «Қосымша» қазақша нұсқалар енді ғана дайындалып жатса, ол шығамын дегенше, прокат уақыты да бітіп кетпей ме?.. «Кинопаркке» қоңыраулатып, «Алдағы уақытта қазақша көрсетілімнің көлемі арта ма?», – деген сұрағымызға «Жоқ, осылай болып қалады», – деген жайбарақат жауап естідік. Содан соң «Сарыарқаның» басшылығымен айқасып жатып, 20.40-тағы бір орысша сеансты қазақшасына ауыстырттық.
«Жаужүрек бес бала»
Ең алдымен, «Мың баланы» иекті қышытып қойған жарнамасы үшін мақтауға болады. Сосын «әйтеуір елін-жерін сүюге, патриот болуға үндейді ғой» деп іштартуға болады. Дегенмен, тарихи фильм түсіруге әлі де деңгейіміз жетіңкіремей тұрғанын мойындауымыз керек. Президенттің сынына ұшыраған «Көшпенділерден» кейін тарихи фильмге беттеуге жүректері шайлығып қалған болар деп едік, «Қазақфильм» бұл жанрды қайта қолға алды. «Деңгейіміз жетпейді» деп ауызды қу шөппен сүртіп, қол қусырып отырмағаны үшін Аманшаевқа рахмет.
Бірақ Сатаевтың туындысын көргенде әлі де өсу керек екенін аңдадық. Өкінішке қарай, бұл жолы да қазақтың тарихи киноға кеткен есесінің бәрін қайтарады деген зор үміт, бөлінген қыруар қаржы (12 млн. доллар!) ақталмады. «Көшпенділерге» қарағанда «Мың балада» қазақтардың жылтыраған жүзі бар, бірақ. Алайда Ақан Сатаевтың түсіргені мың емес, айналдырғаны бес-ақ бала болып шықты. Біздің Абылай, Қабанбай, Бөгенбай деп жүргеніміздің бәрі далбаса екен. Зеңбірек, мылтықпен мұздай қаруланған отыз бес мың жоңғар әскерін шыбықтай бес бала тырқыратып қуады. Киноға қарасаң, қазақ деген сұраусыз жатқан ел. Бөлек-салақ, қараусыз жатқан ауылдар. Қарақшы ойраттардың іші пысса, келеді де, қалаған уақытында шауып кетеді. Оған қынжылып, «менің ауылымды шапты» деп аласұрып жатқан би-сұлтандар жоқ. Есесіне жоңғарлардың «мемлекеті» мықты: шатырлары қандай салтанатты, жүздері қандай сұсты. Өздері де ірі, сөздері де ірі («Балам жекпе-жекте нағыз ерлерше көз жұмды»), істері де ірі. Қазақпен салыстырғанда. Мына кинода алаш баласында сап түзеген кәсіби әскер түгілі бір жапырақ ту болмағанына қайран қалдық. Аңырақай шайқасында қазақтарды да («Оң қапталдан бір шаң көрінеді»), ойраттарды да («Мыналар тағы қайдан шықты») айран-асыр қалдырған «мың балаңыздың» сиқы келесідей: Түркістаннан жетеу, Жайықтан үшеу, Алтайдан төрт қыз… Аздық еттік. Режиссердің мың бала емес, құрығанда жүз баланы түсіруіне не кедергі болғаны – ұлы жұмбақ. Әйтпесе қазақтың қарасын көбейтіп, найза көтеріп жүрер, арасында «Алаш!» деп аттандап қоюға шамасы жететін балалар толып жүр көшеде. Тегі қиналса, тегін түсіп беретін адамдар да табылар еді. Бұл киноға қарасаң, қазақ стихиялы түрде соғысып, жамырап жүріп жеңіп кеткен сияқты. Қазақта соғыс өнері, кәсіби әскер деген болмағандай. Қазақтың бар жауынгерлігі – шала-шарпы атқа қонып, шауып кетуінде ғана-мыс. Ал қазақ даласын кезген жаужүрек мың бала туралы әдемі аңыз әдіре қалды.
Қош, түбінде сонша тауқыметпен жеткен киномызды қазақша да, орысша да емес, неге мылқау қыла салмады деп күйіндік. Себебі экран кейіпкерлерінен кісі сүйсінетін бір сөз естімейсіз. Шүлдір-шүлдір, сұйық сөз. ХVІІІ ғасырда бүгінгі күннің қасаң, таптаурын журналистік лексикасы өріп жүр. Екі сөзінің бірі «шыны керек», «деп шештім», «бопты»... «Ұрсып-ұрсып қояды» дейді «батыр» Сартай. «Ұлы шайқас болайын деп жатыр» дегенді үшінші мәрте естіп тұрып, «Шын айтасыз ба?» деп таңырқайды. Сөйте тұра құдды бір Жан Клод Ванн Дамм сияқты: «Менің соғысым – басқа соғыс!», – деп кеуде керетінін қайтерсің?! Түсіруші топ көркемдік шындық турасында бас қатырмаған сияқты. Доспамбет пен Бұқар жыраудың шұрайлы тілінің ұшқыны да жоқ мұнда. Тарихи фильм өткен дәуірлердегі қазақ тілінің поэтикасынан жұрдай. Сатаевтың сүрінген екінші тұсы осы болды. Қанша жерден кісінескен, түсініскен сценарисі болса да, бұл фильмді Тимур Жақсылықовқа емес, қазақ тілінің ұңғыл-шұңғылына үңілген маманға жаздырту керек еді.
Ал сақау сұлтан Әбілқайыр (қазақшаға шорқақ актер Берік Айтжанов) «Азаттық таңы атады әлі жамырап!» дегенде, отырған орындығымыздан құлап қала жаздадық. Бәлкім, жадырап дегісі келді ме? Режиссерлер дыбыстау кезінде шаршап отырып, мән бермеді ме... Бір анығы, осы күнге дейін таңның жамырап атқанын көрмеппіз. Ал Әбілқайыр – бұл фильмде бар қазақтың ортақ ұранын айтатын негізгі кейіпкер еді. Сартай роліндегі Асылхан Төлепов те, Зере роліндегі Әлия Әнуарбек те... үні қазақша десек, өтірікші боламыз. Шорқақ шүлдір фильмді одан сайын арзандатып тұр. Бұл заманауи кино емес. Қорытынды: бұл рольдерді тілдің қадірін білетін кәсіби әртістерге дыбыстату керек еді. Кезінде «Қыз Жібектегі» Жібекті де, күні кеше «Біржан салдағы» Ләйлімді де сөйткен. Одан ұтпаса, ешкім ұтылмаған. Бұл – үшінші кемшілік.
Енді ең негізгісіне келейік. Фильмнің сценарийі шикі. Режиссер қай желіні алсам деп ойланып-ойланып, ақыры, не түсіргісі келгенін өзі де ұмытып қалған сияқты. Шашыраңқы. Сонда да негізгі сюжет желісін баяндап көрейік:
Қос бала жаймашуақ күнде қой бағып жүреді. Кенеттен жоңғарлар келіп, бүкіл ауылды қырып кетеді. Осы тұста көрініс әсерлі бола түсу үшін ойда жоқта жауын құятынын ескерте кету керек. Бірнеше адамды құтқарып қалған ақсақал оларды тауға алып қашады. Ол жақта батыр болып Сартай, Таймас пен Қорлан өсіп келеді. Уақыт өте үш бала етекке түсіп, бөлек-салақ жүрген жоңғарларды өлтіруді әдетке айналдырады. Оларға Рақымжан ауылындағы оқымысты бала қосылады. Жолда арып-ашқан бір жетімді (Сәбит) қосады. Балалар жоңғарлармен бірнеше рет бетпе-бет келеді. Ылғи да жаудың кемі бес есе көптігіне, өздерінің тәжірибесіздігіне қарамастан, түсініксіз себеппен жеңе береді, жеңе береді. Бұлар алыстағысын садақпен, жақындағысын шоқпар, қылышпен (Сартайдың шымшықтай денесімен шоқпарды көтергеніне таңымыз бар) жайратып жатқанда, жоңғарлар садақтарын ұмытып кетіпті. Зеңбірегі мен мылтығы бар ойраттарға садақ деген «цивилизация» жетпеген-мыс. Соның арқасында ғана «болашағы зор» бес бала партизандық соғысын сәтті жалғастыра береді. Кезекті жеңісінен соң бір-екі ойратты әдейі босатқан Сартай мақтаншақтыққа басып: «Бізді жеңген Сартай деп айта барыңдар!», – деп айқайды салсын. Құдды бір жалғыз өзі соғысып жүргендей. Әрине, дәл осы жерде Таймас та жолдан таяды. Жаманатты болудан жалыққан Таймас ымырт үйірілгенде досын шақырып алып, бетін бері қаратпақ болады. Сартайдың «жұлдыз» болып кеткенін көрген соң, алға ұзатып салып... Бекежан мырзаның («Қыз Жібек» к/ф) «ерлігін» қайталайды. Сартай тірі қалады. Оны бағып-қаққан Рақымжанға рахмет айтып, ақсақал көшті ұзатып салуға «жігіттерді» жібереді. Екі бала, бір қыз. Екі бала тура мушкетерлер сияқты «Сендер қашыңдар, мен бөгей тұрайын» деп, отыз қаралы жоңғарға «бөгет» бола береді. Олар біреуімен қылыштасып жатқанда, басқа жоңғарлардың кезек күтіп тұратыны тіпті тамаша болған. Ал қашқын қазақтардың артынан оқ жаудырып жайрата салайын десе, жоңғар мырзалардың садақ ұстамайтынын ескерттік. Әлқисса, бір уақытта «отрядқа қосылған» Зеренің аты болдырып қалады. Сартайды қызғанып жүрген Қорлан шыбықтай Зерені мінгестіріп қашудың орнына бір жұлынып алып, атынан түсіп, қала береді. Соңынан қуып жеткен қылыш-найзалы оншақты жаудың бес-алтауын бір пышақпен жайратып үлгергені (басқалары қарап тұрғанда) рухыңды бір «көтеріп» тастайды. Қорлан мұның махаббатын құтқарып, қаза болып жатқанда, Сартай тау басында Таймасты кешіріп әлек. Сөйткен Қорланның денесін «сатқын» Таймас тауып алып, жерлейді. «Сардарымызға» Қорлан өлмек түгілі, өмірем қапса да бәрібір: Зерені құшақтап жардың басында отыр. Қысқасы, шұғыл түрде үйленіп алып, ұлы шайқасқа аттанып кеткен Сартай Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін қайталап тынады.
Бұл кинода суретші жоқ екен. Ол байқалып-ақ тұр. 12 миллион доллардың жартысы жоңғарларға сауыт тіктіруге кетсе керек. Қазақтар жыртық шапанымен соғысқа аттанып кетіпті. Бір жаман киіз үйге қазақ даласының игі-жақсылары жиналады. Оны тағы «құрылтай» деп қояды. Сіңірі шыққан кедейдің үйінде алқа жиын өткізген төрелердің дастарханын көрсеңіз... Бір шөкім ақ матаның әр-әр жерінен бауырсақ шашып қойған. Қыздар жеп-жеңіл тақиямен, ал жігіттер қысқы тымақпен жүр. Қандай маусым екенін ойлан, тап, содан кейін.
Музыкасына келсек, бұл – Ренат Гайсиннің ең нашар жұмысы. Әйтпесе, соғыс жүріп жатқанда той музыкасын ойнатқаны қай сасқаны? Ал Рақымжанның ауылындағы, т.б. көп көріністерде жеке домбыра емес, оркестр орындаған күйді беру үйлесімсіз. Ондай орындаудағы күй 60-70 жылдарға ғана жарасады. «Япырайдан» басқа ән құрып қалғандай, Ақан Сатаевтың соған жабыса беретініне де таңымыз бар. Ал «Елім-айды» Рақымжан ауылының қыздары жаймашуақ, жайқалып айтып отыр. Әй, айналайындар, ол зарлы ұран емес пе еді... Оны сөйтіп жайбарақат айтуға бола ма екен?.. Операторлық жұмыс та мәз емес. Күрделі соғыс сахналарын көре алмадық. Жоңғардың әскері бар. Қазақтың әскері жоқ. Қайнаған соғыстың ортасында тұрып Әбілқайыр сұлтан ғана ара-тұра «Аттан!» деп айқайлап қояды. Елдің киноларында ұрыс даласы көктен де, жерден де көрсетіліп жатушы еді. 12 миллионға арнайы әсер («спецэффект»)жасай алмапты. «Қазақ актерлерін ойнатты, «Көшпенділерден» артық» дейміз-ау. Былқ-сылқ еткен Таймас пен солқ-солқ еткен рэкет батырдың (Шарын шатқалында кездесетін) жүріс-тұрысы Куно Беккерден кем емес қой.
«Мың бала» адамзат тарихында сирек кездесетін елін, жерін, халқын сүюдің қайталанбас үлгісі болатын. Қазақтың рухын көтеруге тиіс кино «қазы-қарта» емес, атала болып шыққаны өкінішті. Өткен дәуірді түсіретін адам сол заманның атмосферасын жеткізгісі келеді ғой көрерменге. Режиссер Ақан Сатаевтың өзі «ереуіл атқа ер салған» дәуірді сезіне алмаған. Біздің мақсат «Мың баланың» меселін қайтару емес. «Бұл қазақ киносын жаңа белеске көтерді» деп аттандап жатқан ағаларымыздың эйфориясын басып, көргенімізді айту ғана.
Опубликовано www.halyksozy.kz/news/view/id/1456
Городская средаКазахский язык в городской среде | Новые публикации на сайте |